RU

10 қабатты тұрғын үйдің шатырында ұйықтап қалған ер адам павлодарлықтарды шошытты (видео)

Оқиға
Павлодарда болған жағдай. Фото: Телеграм / Шок Типичного Павлодара tipavlo

Павлодарда 10 қабатты тұрғын үйдің шатырында аяғы салбырап жатқан ер адамның әрекеті жұртты шошытты. Оны қарсы беттегі ғимараттан куәгерлер видеоға түсіріп алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Шок Типичного Павлодара" Telegram-арнасында жарияланған видеода 10 қабатты үйдің шатырында аяғы салбырап жатқан ер адам бейнеленген.

Кейін полицейлер анықтағандай бұл жерде ешқандай қылмыстық жайт болмаған видеодағы ер адам жай ғана ұйықтап жатқан.

"5 қыркүйек күні 13.40 шамасында полицияға тұрғын үйдің шатырында ер адам жатыр деген хабарлама түсті. Осыдан кейін Толстой көшесі, 68 мекенжайына патрульдік полиция батальонының автопатрульі жіберілді. Тәртіп сақшылары төбеге көтерілген уақытта ер адамды көрген. Ол жерде жатқан және кез кезген шалыс қимылдың салдарынан құлап кетуі мүмкін еді", - дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері байқатпай барып, ер адамды қауіпсіз жерге шығарған.

Белгілі болғандай, павлодарлық осы көп қабатты тұрғын үйде тұрады екен.

"Сол күні ол үйдің шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізген. Шаршаған соң күннің астында жату туралы шешім қабылдаған. Ер адам мас күйде болмаған", - деп қосты ведомстводан.

Шатырдың үстінде ұйықтап қалған ер адам тек полиция қызметкерлерін алаңдатып қоймаған. Тәртіп сақшылары оқиға орнына құтқарушылар мен дәрігерлерді де шақырған.

Ер адам қауіпсіз жерге шығарылып, шатырдан түсірілгеннен кейін медицина мамандары оны қарап, үйіне жіберген.

Полицейлер тұрғынның жауапкершілікке тартылмағанын, тек түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932114-10-qabatty-turgyn-uidin-satyrynda-uiyqtap-qalgan-er-adam-pavlodarlyqtardy-sosytty-video/