Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Абайлаңыз, магнит": Елордалық дәрігерлер балалардың қандай затты жиі жұтатынын айтып берді

Жарияланған күні:

Магнит
Фото: astana.gov.kz

Елорда дәрігерлері дамытуға арналған ойыншықтарды, әсіресе жабысатын магниттік шарлар, кубиктер, моншақ тәрізді ойыншықтарды балаларға берген сәтте барынша мұқият болу керектігін ескертуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ порталы хабарлайды.

Әкімдіктің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдың өзінде №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасына өңеш, асқазан, асқазан-ішек жолдары (АІЖ) және бронхтарға бөгде заттар түсіп кеткен 162 бала көмекке жүгінген.

"Негізінен түйме, моншақ, қашықтан басқару пультіндегі батареялар сияқты әртүрлі ұсақ заттарды жұтып қойған 1 мен 5 жас аралығындағы балалар келеді. Дәрігерлер шығарған бөгде заттардың 17 пайызы – магниттер. Көбінесе мұндай жағдайлар ойнап жүріп, қараусыз қалғанда болады", – дейді хирург-дәрігер Серікжан Нұржанов.

Аурухана ұсынған мәліметке сенсек, 56 баланың өңешінен осыған ұқсас бөгде заттар шығарылды, асқазан мен асқазан-ішек жолдарында мұндай заттар 80 баладан табылды, бөтен заттар бронхтар мен тыныс жолына түсуінен 30 бала зардап шекті.

"Өткен аптада магнитті-резонансты томографиялық (МРТ) зерттеу үшін ауруханаға түскен 7 жасар қызға операция жасалды. Баланың мұрнын тексеру кезінде дәрігерлер мұрын септумының перфорациясымен бөтен заттар мұрнын (магниттермен) бітеп қалғанын анықтады.

Осыдан кейін бала рентгендік зерттеуге жіберілді, ол жақта да асқазанда магниттердің жиналғаны анықталды. Нәтижесінде біз 100-ден астам кішкентай магнитті шығардық. Қазіргі уақытта тексеру және емдеу толық көлемде жүргізілуде", – деді аурухананың хирургиялық блогының жетекшісі Ринат Байгиреев.

"Егер бала магнитті жұтып қойса, ол өңеште тіреліп қалады, ал басқа жағдайларда асқазанға түседі. Одан әрі бөгде заттардың асқазан-ішек жолдарына түсіп кетуіне айналмалы бұлшық ет кедергі келтіреді. Егер магниттің өткір, үшкір тұстары болса, өңештің шырышты қабығының әртүрлі тереңдікке дейін зақымдануы мүмкін. Әсіресе ауыр зардаптар бөтен затты бірден емес, бірнеше күннен кейін шығарған жағдайларда болады. Кең көлемді қабыну инфильтрациясын ғана емес, сонымен қатар тіндердің некрозын да тудыратын жаралар пайда болады", – деп хабарлады хирург-дәрігер Серікжан Нұржанов.

Магнит
Фото: astana.gov.kz

Сондай-ақ, ол бөгде зат денеде неғұрлым ұзақ болса, бала үшін соғұрлым қауіпті болады дейді.

"Егер бала бір магнитті жұтып қойса, онда ол негізінен табиғи түрде өзі шығады. Егер олар денеде ұзақ уақыт болса жағдай қиындайды. Олар асқазан-ішек жолдарының әртүрлі бөліктеріне жабысып қалады. Ал жабысқан жерде некроз перфорацияға дейін дамиды және перитонитке ұласады", – дейді маман Нұржанов.

Дәрігерлер ата-аналарға сақ болуы керектігін және мұндай жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932329-abailanyz-magnit-elordalyq-darigerler-balalardyn-qandai-zatty-zii-zutatynyn-aityp-berdi/