Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сүйікті ісіңнен қалай табыс табуға болады: Қазақстандық қыз-келіншектер тәжірбиесін ортаға салды

Опубликовано:

Тігін машинасы
Фото: Гүлнария Боқбаеваның жеке мұрағатынан

Аймақтардағы қыз-келіншектер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курсты тегін оқып, сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырып отыр.

Шебер ана

Көрпе
Фото: Гүлнария Боқбаеваның жеке мұрағатынан

Өскемендік Гүлнария Боқбаева бала кезінен киім тігуге әуестенген. Оның бар уақыты отбасы мен жұмысына кететіндіктен, бұрындары сүйікті ісін қолға алуға мүмкіндігі бола бермепті, тіпті тігін машинасына отырмағалы отыз жылдың жүзі болыпты.

Пандемия басталғанға дейінгі жиырма жылдан бері ол қаладағы дүкендердің бірінде жұмыс істеген. 2020 жылы иелері дүкенді жауып, ғимаратты жалға берген соң, жұмыссыз қалған Гүлнария Халықты жұмыспен қамту орталығына көмек сұрай барыпты.

«Мен жұмысты еңбек биржасынан іздедім, кезекте тұрдым. Маған «Практикум» орталығында кәсіптік білім алуды ұсынып, бірнеше бағыттарды нұсқады. Мен сәнгер-киім пішуші мамандығын таңдадым. Маған ерекше киім үлгілерін әзірлеген, тіккен қатты ұнайды. Анам да киім тігетін, бұл кәсіпті өздігінен үйренген шебер болатын, маған көрпе, төсек жапқыштарды тігуді үйретті», - дейді шебер.

Гүлнария сәнгер-киім пішуші курсын 2020 жылдың маусымынан қыркүйегіне дейін үш ай оқыған. Емтиханды жақсы тапсырып, «Швейный дом Рассвет» ЖШС кәсіпорнына жұмысқа тұрды.

«Курсты бастағанда бұрын үйренгендерім есіме түсе бастады. Тәжірбием оқуда көп көмегін тигізді. Әрине, жаңа білім де алдым. Оқу орталығында көп тәжірбие жинадым, кейін тігін кәсіпорнында да оған дейін алған тәжірбиемді толықтыра түстім. Енді жеке ісімді бастап жатырмын», - дейді Гүлнария Боқбаева.

Жеке бизнесін ашу үшін ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бастауда» кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес-жоспар қорғап, 200 АЕК (2020 жылы 1 АЕК=2778 теңге) көлемінде қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Сөйтіп, «Шебер-ана» деп аталатын жеке кәсібін ашты.

Қазірше алғашқы тапсырыстар таныстарынан келіп жатыр, дегенмен Гүлнария Инстаграмдағы жеке парақшасын дамытып, тапсырыс алуға мүмкіндік беретін басқа да әлеуметтік желілерден аккаунт ашуды көздеп отыр. Осылайша Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен тігінді жақсы көретін кішкентай қыздың сүйікті ісі есейгенде кәсібіне айналып, жеке бизнесін ашуға негіз болып отыр.

Ілмектен басталған іс

Аида Милюкова
Фото: Аида Милюкованың жеке мұрағатынан

Оралдық Аида Милюкова да сүйікті ісін тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін кәсіпке айналдыра білді. Ол Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіби оқуды биыл бітірген еді.

Аида Милюкованың айтуынша, тігінмен шалбардың балағын қысқарту, түймеге ілмек жасау, сыдырма ілгек тігу сияқты қажеттілік кезінде өзі үшін айналысқан екен. Кейде жаңа киім пішіп, тігетін, бірақ бұл іспен өте сирек айналысыпты. Отбасы, жұмысы болғандықтан, тігінге қолы қалт еткенде ғана айналысатын сүйікті ісі ретінде ғана қарап келген. Барлығы Аида жұмыссыз қалғанда өзгеріп сала берді.

«Мен халықты жұмыспен қамту орталығына бардым. Жұмыс іздедім, жеке бизнесімді ашуды ойладым, бірақ қай бағытты таңдарымды білмедім. Ондағылар маған алдымен оқуға кеңес берді. Жалпы тігін тігу қолымнан келгендіктен, «киім пішу және тігу» бағытын таңдадым», - дейді тігінші келіншек.

Сөйтіп, ол 2021 жылдың 4 мамыры мен 3 маусымы аралығында Оралдағы «ЮлАнИл» ЖШС-ның оқу орталығында киім пішу және тігу курсын оқыпты.

«Курста үйренерім көп болды, оқытушылар да өте жақсы адамдар еді», - дейді Аида Милюкова.
Киім тігу процесі
Фото: Аида Милюкованың жеке мұрағатынан

Тігін курсын бітірген соң ол «Кажмуханбетов» ЖК – отбасылық шағын компаниясының шебері атанды. Қазірше ЖК ұсақ-түйек тапсырыстармен жұмыс істеуде, шеберде тұрмыстық деңгейдегі бір ғана тігін машинасы бар. Дегенмен бизнесті кеңейту жоспары да жоқ емес. Ол үшін қаржы салып, кәсіби тігін машинасы мен торлағыш сатып алуға тура келеді, сонда ғана ірі тапсырыстар қабылдап, мол табысқа қол жеткізуге болады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты – «сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту» аясында 2021 жылдың басынан 1 қыркүйекке дейін 7 025 адам кәсіби білім алыпты. Ол мамандықтардың арасында аспаздар мен кондитерлер, трокторшылар мен дәнекерлеушілер, тігіншілер, шаштараздар, тіпті ара өсірушілер мен туризм бойынша нұсқаушылар да бар. Биыл қысқа мерзімді курстан өткендердің ішінде 4 454 адам немесе оқуды бітіргендердің 63%-ы жұмысқа тұрған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932371-suiikti-isinnen-qalai-tabys-tabuga-bolady-qazaqstandyq-qyz-kelinsekter-tazirbiesin-ortaga-saldy/

pixel