Депутат: Әскер көрген бала ертең ата-анаға масыл болмайды
Жарияланған күні:
Парламенті Мәжілісінің депутаты, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл әскерге барудың пайдасы туралы сөз қозғады деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл туралы халық қалаулысы Ұлттық академиялық кітапханада өткен баспасөз конференциясының алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
Ол сөз басында Отанды қорғау – Ата заңымыздың 36-бабы бойынша, әрбір ер азаматтың парызы екенін еске салды.
"Бірақ біз осы міндетті лайықты атқарып жүрміз бе? Қазіргі жастар "әскерге барсам" деген бағытта емес, керісінше, "әскерден қалсам" деген бағытта жүр. Көбінің ойы әскери билет тек жұмысқа тұру үшін керек дегенге саяды.
Қазіргі алмағайып кезеңде мектеп қабырғасындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің рөлін көтеру керек. Ұлдарымызды азамат ретінде қалыптастыратын құралдың бірі осы.
Қазіргі "Жас сарбаз" жобасы да өте керек. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің көбі қазір армияға барып, сол жерден қалып жатыр. Соған баланс ұстау үшін мектеп қабырғасында әскери білім мен тәрбиені сіңіру маңызды", - деді Бақытбек Смағұл.
Депутат әскери борышын өтеуден жалтару жайттарымен ұшырасып тұратынын жасырған жоқ.
"Кейде маған таныстар қоңырау шалады. "Баламды әскерге шақырып жатыр еді, алып қалуға болмай ма" деп өтініп айтатындар бар. Мен оларға керісінше әскерге бару баланың өз болашағы үшін керек екенін түсіндіремін. Әскерге барып келген бала ертең ата-анаға масыл болмайды. Жігітке жігіттік сипат беретін де әскер. Ол өмірден өз жүгін көтеріп өте алады. Әскерге барған қай бала болсын, жемқорлықтан ада, отанын сүйетін адам болып шығады. Жырақта жүріп ата-анасының, туған өлкесінің қадірін жете түсінеді. Саяси сауаттылық та әскерде қалыптасады. Әскерде қару атудан басқа да көп дүние үйретіледі өйткені. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға өмірдегі өз орнын армия қатарында жүріп табатындай жағдай жасау туралы бастамасы өте орынды деп ойлаймын", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932390-deputat-asker-korgen-bala-erten-ata-anaga-masyl-bolmaidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.