Елімізде фильмнің түпнұсқасын міндетті түрде қазақ тілінде дубляждау талабы енгізілмек
Жарияланған күні:
Мәдениет және спорт министрлігі Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында "Кинематография туралы" Заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Ведомствоның мәліметінше, заң жобасына түзетулер міндетті дубляж немесе фильмнің қазақ тіліндегі түпнұсқасын талап етуге бағытталған. Сондай-ақ, сөздердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданған.
"Қазіргі уақытта мүдделі органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен және кинематография қайраткерлерінен жасақталған жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобы 10-нан астам отырыс өткізді. Онда кинематографияның кинокомиссияларды құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бөлігіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Орындалуы алдағы уақытта да жобалық кеңсе арқылы қадағаланады", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде қазақ тіліндегі 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер тарапынан 1,4 миллиард теңге бөлінген.
"Заң жобасы үкіметте биыл қазан айында қаралады. Содан кейін ол желтоқсанда парламент мәжілісінің қарауына жіберіледі. Жол картасына сәйкес 2022 жылы заңды қабылдау жоспарланып отыр", - деп түйіндеді Мәдениет және спорт министрлігі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932473-elimizde-filmnin-tupnusqasyn-mindetti-turde-qazaq-tilinde-dublyazdau-talaby-engizilmek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.