RU

"Денесін өртемек болған": БҚО-да төрт күн бұрын жоғалған қыз өлі күйінде табылды

Анастасия Черная
Анастасия Черная. Фото: Жеке мұрағат/ KAZ.NUR.KZ

Батыс Қазақстан облысының полицейлері 21 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады. Бойжеткеннің денесі Ветелки ауылының маңындағы орман алқабынан табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Полицияның мәліметінше, аса ауыр қылмысты ашуға бір тәуліктен аз уақыт кеткен.

"16 қыркүйек күні құқыққорғау органдарының қызметкерлері Оралдың 27 жастағы тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Ол адам өлтірді деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің мән-жайы ҚПК 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды", - дейді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Марқұм осыған дейін іздеу салынған Анастасия Черная болып шықты. Ол 13 қыркүйек үйінен шығып, қайта оралмаған. Содан бері телефоны сөндірулі.

15 қыркүйек күні Оралдан 15 шақырым жердегі орман алқабынан жас қыздың денесі табылды. Анастасияның анасы Светлана Лобанованың сөзінше, полиция оған мәйіттің тұлғасы анықталғанын хабарлаған.

"Полиция менің қызымды саусақ іздері арқылы танығанын айтты. Ол басынан жарақат алған, денесін өртемек болған", - дейді Светлана Лобанова.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 14 жастағы мектеп оқушысы іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік.

Зоя Яркова Алатау ауданындағы мектептен шығып кетіп, сол күйі қайта оралмаған.

Анасының айтуынша, Зояның жоғалуына оның жаңа танысы себепкер болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932579-denesin-ortemek-bolgan-bqo-da-tort-kun-buryn-zogalgan-qyz-oli-kuiinde-tabyldy/