RU

"Ел премьерінің туған күніне сый": Үндістанда бір тәулікте 22 млн адам COVID-19-ға қарсы екпе салдырды

Үндістан ел
Көрнекі фото: pixabay.com

Үндістанда 17 қыркүйек күні 22 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Бұл елде тіркелген жаңа рекорд деп хабарлайды lenta.ru мемлекеттің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Би-би-си мен India Today-дың хабарлауынша, осылайша халық пен жергілікті билік 71 жасқа толған елдің премьер-министрі Нарендра Модидің туған күніне сый жасаған.

"Бұл денсаулық сақтау қызметінің қызметкерлері мен азаматтардың премьерге жасаған сыйы", - дейді Үндістанның денсаулық сақтау министрі Мансух Мандавия.

Бұған жауап ретінде Моди өзінің Twitter парақшасында ел азаматтарын мақтан тұтатынын және бұны өзіне көрсетілген үлкен құрмет деп санайтынын жазды.

"Вакцинация өз нәтижесін беру үшін аянбай еңбек етіп жатқан біздің дәрігерлерге, мейірбикелерге және өзге де медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын", - дейді Нарендра Моди.

Айта кетейік, бұған дейін Үндістанда бір тәулікте коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар бойынша рекорд 27 тамызда тіркелген еді. Ол кезде бір тәулікте 13 миллион адам вакцина алған болатын.

Одан бөлек, үндістандық ғалымдар коронавирусқа қарсы балаларға да салуға болатын вакцина әзірлеп жатқанын, вакцинаны әзірлеу жұмыстары осы жылдың қазан айында толықтай аяқталатыны белгілі болған еді.

Әңгіме ZyCov-D препараты жайында. Вакцинаны жасап жатқан Zydus Cadila компаниясының мәліметінше, препаратты 12 жастан бастап салуға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932715-el-premerinin-tugan-kunine-syi-undistanda-bir-taulikte-22-mln-adam-covid-19-ga-qarsy-ekpe-saldyrdy/