RU

Облыс басқаратын алғашқы әйел: Гүлшара Әбдіқалықова өзі туралы ашық сұхбат берді

Гүлшара Әбдіқалықова
Видеодан кадр: Youtube/Qazaqstan Qogam

Елімізде облыс әкімі лауазымындағы жалғыз әйел адам - Гүлшара Әбдіқалықова ұлттық арнадағы "Әйел әлемі" бағдарламасының кейіпкері болды. Бағдарлама авторы, журналист Айнұр Омар әйел әкімнің саясаткерлігін емес, әдемі әйел келбетін ашуға тырысқан, деп жазады KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

Журналисттің айтуынша, әкімнің күн тәртібі өте тығыз. Облыс аумағында орналасқан бірнеше нысанды ашу барысында түсірілім тобы әкімнің ерекше қасиетін байқаған. Айнұр Омардың сөзінше, Гүлшара Әбдіқалықова кешіккенді ұнатпайды.

"Мен оны елбасынан үйрендім. Біраз жыл Елбасының қасында істедік. Министрлікте істегенде іс-шаралар болып тұратын. Сонда ешқашан бір-екі минут кешігу болмайтын. Ақордада да, ассамблеяның жиналыстары, аудан-ауылдардағы жиналыстар да дәл уақытында басталатын", - дейді бағдарлама кейіпкері Гүлшара Әбдіқалықова.

Гүлшара Әбдіқалықова сұхбатта облысқа әкім болу туралы ұсынысты қалай қабылдағанын айтып берді.

"Кез келген жоғары лауазымға ұсынғанда ойланасың, бұны қалай істеуге болады, қиыншылығын да білесің. Енді бұл жерде қорқыныш әрине болды. Бір жағынан қиын кезеңге тап болдық. Мен осы лауазымға келген уақыт - төтенше жағдай жарияланып, пандемияның нағыз басталған кезі. Бірақ жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Әріптестермен, халық болып, ел болып... Туған жеріме сендім. Туған жер өзі қолдайды ғой... Осы жердегі ел, халық рух берді", - дейді әйел әкім.

Бағдарлама кейіпкері өзінің қандай басшы екенін сипаттады.

"Қатал болмасаң да болмайды. Жеке тапсырма бергенде қатал айтамын, дұрыс болмай шықса қатал айтамын. Ал жалпы тигізіп айту керек. Қатты айтасың ба, жай айтасың ба менің ойымша тигізіп, айтқан нәрсені орындап келетіндей айту керек", - деген пікір білдірді ол басшылық қызметі жайында.

Гүлшара Әбдіқалықова ата-анасы туралы да сырын ақтарды. Бағдарлама барысында әкесі туралы айтқанда әкімнің көңілі босаған.

"Әкем соғысқа қатысқан, ардагер, көп жараланған. Кейін 50 жыл орман шаруашылығында жұмыс істеді. Қазір о дүниелік болып кетті. Өте сыпайы, мәдениеті жоғары кісі еді. Бізді кітап оқуға, жан-жақты болуға үйреткен. Әкеміздің берген тәрбиесі өте зор.

Ал анам қазір менің жанымда, көп көмектеседі. Ол кісі де бала тәрбиесіне көп мән берді. Анам өте мейірімді бір жағынан өте талапшыл. Менің рухани қолдаушым", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932831-oblys-basqaratyn-algasqy-aiel-akim-turaly-ne-bilemiz-gulsara-abdiqalyqova-ozi-turaly-asyq-suxbat-berdi/