Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балалардың қауіпсіздігін күшейту қажет": Аймағамбетов Пермь университетіндегі атысқа қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Асхат Аймагамбетов
Асхат Аймагамбетов. Фото: primeminister.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі ресми парақшасында Пермь университеттерінің бірінде атыс кезінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Сонымен қатар, министр балалардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғады.

"Пермь университетінде атыс салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Қазан мектебінде болған теракт кезінде жақындары қаза тапқандардың жан-жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінгі оқиға жығылғанға жұдырық болып отыр.

Бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында балалардың қауіпсіздігін күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді", – дейді министр.

Аймағамбетовтың сөзінше, оқу орнының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс.

"Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл мәселе үкімет отырысында егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырмалар берілген болатын. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту туралы жеке тапсырма берілді.

Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету, жоғары оқу орындарына кіру режимін күшейту және төтенше жағдайлар туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Министрің айтуынша, қазіргі уақытта БҒМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмнен қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірлеген. Бұл жоба қоғамда қызу талқыланған.

Дегенмен дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуге үйрететін оқу-жаттығуларды өткізуге қарсы тұрғындар да табылған.

"Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керісінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталғандығын мәлімдеймін", – дейді білім министрі.

Аймағамбетовтың сөзінше, әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шаралары қабылдануы қажет. Оған қоса, министр әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөліп жатқанын айта кетті.

"Төтенше жағдайлар кезінде техникалық шаралардан бөлек, қызметкерлер мен оқушылар қандай шара қолдану керек деген ақпаратты да білу қажет. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту де басты назарда болуы керек. Біз бұл мәселелерге ерекше көңіл бөлеміз", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Пермь мемлекеттік университетінде атыс болғанын хабарлаған едік.

Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, атыстан 8 адам қаза тауып, 24 адам жараланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932949-balalardyn-qauipsizdigin-kuseitu-qazet-aimagambetov-reseidegi-atysqa-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel