RU

"Үйде балалар болды": Полицейлер Алматыдағы атысқа қатысты түсініктеме берді (видео)

Полицей
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Алматы қаласы Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов бүгінгі қайғылы оқиғаға қатысты түсініктеме берді - Ақбұлақ ықшамауданында ер адам сот орындаушылары мен полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған болатын деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әбдірахманов оқиға салдарынан 5 адам қаза тапқанын растады. Көз жұмғандар арасында екі тәртіп сақшысы бар. Қайғылы оқиға екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде болды.

"Сот шешімімен танысқаннан кейін, үйді босатуы тиіс тұрғын баспанасына жүгіріп кіріп, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және ауладағы өзге адамдарға оқ жаудырған. Күдіктіні жедел қимылдайтын арнайы жасақ ұстады. Үйде балалар мен әйелдер болғасын, қару қолданылмады. Учаскелік инспекторларда қару болмады. Оқ атушыда аңшы мылтығы болған. Даулы мүліктің жаңа иесі де өлтірілді", - дейді Алматы полициясы басшысының орынбасары.

Атыс орны
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиға болған жерді полиция қоршауға алды.

"Азаматтардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ", - деді полицияда.

Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмеді.

Үй иесінің көршісі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Көршісі
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

"Мен 17:30-да келдім, немерелерім жүгіріп келді, полиция көп екенін айтты. Біз ол жерге өте алмадық, арырақ жерге барып тұрдық. Меніңше, арнайы жасақ шамамен 10 минуттан кейін келді. Оны (оқ жаудырған азаматты - ред. ескертпесі) қарусыздандырып, алып кетті", - дейді Аймұратов Рахметулла.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін 20 қыркүйекте алматылық тұрғын оқ жаудырып, салдарынан бес адам, соның ішінде екі полицей мен сот орындаушысы көз жұмған болатын. Қайғылы жағдай жеке үйлердің бірінен тұрғындарды көшіру туралы сот бұйрығын орындау кезінде болды.

Күдікті ұсталды. Сонымен қатар, полиция қаза болған тәртіп сақшылары туралы айтып берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932995-uide-balalar-boldy-policeiler-almatydagy-atysqa-qatysty-tusinikteme-berdi-video/