Алматыдағы атыста қаза тапқан бесінші адамның кім екені белгілі болды
Жарияланған күні:
Брифинг барысында Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов 20 қыркүйекте "Ақбұлақ" ықшамауданында болған атысқа қатысты бірқатар жаңа мәліметті жария етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Генералдың айтуынша, қайғылы жағдайға қатысты "Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
"Бұл факті бойынша екі қылмыстық іс қозғалды, ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, қару тәркіленді", - дейді ол.
Құзырлы орган басшысы оқиға орнында қоршау әлі алынбағанын да айта кетті.
Белгілі болғандай, қару оқ жаудырған азаматтың атына тіркелген. Қанша рет оқ атылғанын тергеу анықтайтын болады. Учаскелік инспекторларда қызметтік қару болған, бірақ олар қаруды қолданбаған.
Таймерденовтің сөзіне сенсек, учаскелік инспекторлардың бірі жақында ғана қызметіне кіріскен. Академияны бітіргеніне көп бола қоймаған азаматтың артында бес баласы қалған.
Сонымен қатар, Таймерденов қайтыс болған учаскелік инспекторлар көпшіліктің алғысын алып, қызметі үшін талай марапатталған өз ісінің нағыз мамандары екенін атап өтті.
Ал атыстан қаза тапқан бесінші адам үйдің жаңа иесінің досы болып шықты. Ол үйді босату кезінде куәгер ретінде досымен бірге келген.
Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы жайт 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында болды.
Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.
Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, көз жұмды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1933094-almatydagy-atysta-qaza-tapqan-besinsi-adamnyn-kim-ekeni-belgili-boldy/