Ақберен Елгезек Аягүл Мантайдың өліміне қатысты айыптауларға жауап берді
Жарияланған күні:
Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жеке басына және одаққа Аягүл Мантайдың өліміне қатысты кінә таққандарға жауап берді. Ақын Facebook парақшасында Аягүл Мантайдың көзі тірісінде Жазушылар одағынан қандай қолдау көргенін дәлел келтіре отырып жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақберен Елгезек желідегі "Жазушылар Одағы неге Аягүлдің көзі тірісінде көмектеспеді, неге елемеді" деген мазмұндағы пікірлерге жауап қатты.
"Бірінші айып - Жазушылар одағы Аягүлдің қазасына көңіл айтуға жарамады-мыс. Аягүл қайтыс болғанда Жазушылар одағына қарасты сол аптадағы «Қазақ әдебиеті» газеті көңіл айту берген болатын. Одан бөлек өзім құрып, жүргізіп отырған Ұлт порталының атынан да көңіл айту берілді. Менің өтінішім бойынша Жазушылар одағының белді қызметкері Қайырниса апай Аягүлдің сіңілісіне хабарласып, бізден қандай көмек деп сұрағанда, ештеңе қажет емес деген жауап алды. Біз қолымыздан келгенше ақша құрап (одақтың есебінен емес) туған-туысына азғантай болса да көмек көрсетпек ниетте едік. Алайда жауап әлгіндей болды.
Екінші айып - Аягүлге Жазушылар Одағы көмектеспеді, жұмысқа алмады, әлеуметтік жағдайына бей-жай қарады деген әңгіме. Біріншіден, Аягүл Жазушылар одағына, оның Төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамызға немесе маған тікелей шығып: “жағдайым қиын, маған көмектесіңіздер!” деп өтініш жасамаған еді. Екіншіден, Одақтың мүшелерінің өзіне біздің ұйым тікелей материалды-қаржылық көмек бере алмайды. Себебі түсінікті шығар. Жазушылар одағы өз күшімен қалт-құлт етіп, жұмыс істеп келе жатқан көп үкіметтік емес ұйымдардың бірі ғана. Тарихи атағы зор болғанмен, қазіргі жағдайы ондай мәз емес. Пандемия кезінде тіпті титықтап қалдық. Қаншама қызметкерлерімізді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Алдын ала айта кетейін, Аягүл Жазушылар одағының мүшелігіне Түркістан облысынан қабылданатын жастардың тізімінде тұрған. Алайда, әрі пандемияның кесірінен әрі Түркістан облысы әкімдігінің жергілікті қаламгерлердің жиынын өткіземіз деген жауабын күтумен уақыт өтіп кетті", - дейді ол.
Ақберен Елгезек Аягүлді таланты ерте танылған қаламгер деп санайтынын жеткізді. Айтуынша, одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет Аягүл Мантайды "Серпер" сыйлығына өзі ұсынып, дауыс беріп жәрдемдескен.
Сондай-ақ, ақын Аягүлдің жаназасына, кейін қырқына Жазушылар одағынан неліктен ешкім бара алмағанын түсіндірді.
"Біріншіден, біз барған күннің өзінде бәрібір марқұмның жаназасына үлгермес едік. Оның үстіне қазіргі карантин жағдайында өз денсаулығын қатерге тігіп барудың өзі қаншалықты ақылға сыятын іс?! Ешкімге сен барасың деп біз тапсырма бере алмаймыз. Қазір кез келген қазада өте шектеулі адам қатысатынын бәрі біледі. Сондықтан бұл айып негізсіз деп білемін. Аягүлдің қырқына Түркістан облысы бойынша филиалымыздың директоры Әлібек Шегебайға қатысшы деп өтініш айтқан едік, ол Алматыдамын деп өз кезегінде Шымкенттегі жазушы ағамыз Момбек Әбдәкімұлына өтініш жасады. Момбек ағамыз келісім берген еді, таңда жолға шыққалы тұрғанда ауырып тұрғанын сезіп, тоқтағанды жөн көріпті. Ол кісіге еш реніш жоқ. Жағдайдың түрі мынау. Басқа қаламгерге біздің өкіліміз ретінде Аягүлдің қырқына қатысып, анасына, туған-туысына көңіл айтып барыңыз деп айтуға мүмкіндігіміз болмады", - дейді Ақберен Елгезек.
Ақын жеке басына қатысты айтылып жатқан кей пікірлерге де тоқталды. Ақберен Елгезек Аягүл Мантайдың өзін ақын ретінде мойындамағанын растады.
"Ол рас әңгіме. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әркімнің өзінің дербес әдеби-көркем талғамы болады. Әдебиетте “сен нашарсың”, “мен ұлымын” дейтұғын пікірталастар болып тұрады. Ол қалыпты нәрсе. Ондай сөзді Аягүлдің өзі де аз естімеген болар. Оған бола ол жазуын тастап, әдебиетті тәрк етіп кеткен жоқ қой. Әркімнің өз оқырманы бар. Ұнатқандар - оқиды, ұнатпаса - кітабыңды жаба салады. Проблема жоқ!", - дейді Ақберен Елгезек.
Ақын қыршын кеткен жазушының өліміне бей-жай қарамағанын, өлімнің не екенін жақсы білетінін жазды. Ол өз жазбасында бұдан былай бұл тақырыпқа қайтып оралмайтынын да ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933146-aqberen-elgezek-ayagul-mantaidyn-olimine-qatysty-ozine-zane-zazusylar-odagyna-kina-taqqandarga-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.