RU

"Екі жасар қызы жетім қалды": Оралда аяусыз өлтірілген келіншектің ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Анастасия Черная
Анастасия Черная. Фото: Жеке мұрағаттан

Орал қаласы маңындағы тоғайдан бір апта бұрын 21 жастағы Анастасия Чернаяның жартылай өртенген денесі табылған болатын. Асқан қатыгездікпен өлтірілген марқұмды туыстары бүгін ғана жер қойнына тапсырды деп хабарлайды Астана арнасы.

Себебі, аяусыз қорлық көрген жанның кім екенін бірден анықтау мүмкін болмаған. Арнайы сараптамадан кейін ғана мәйіт жабық табытқа салынып, туыстарына берілген.

Туыстары марқұмды жабық табытпен жерлеген. Олардың сөзінше, Анастасияның бағалы заттарын олжалаған соң күдікті одан құтылуға тырысса керек.

Енді Анастасияның жақындары оның өліміне кінәлі азаматтың ең ауыр жазаға кесілгенін қалайды.

"Настя өте жақсы адам еді. Бәріне көмектескісі келіп тұратын. Сабағын да жақсы оқыды. Елгезек, мейірімді қыздың осындай жағдайға тап болғанын естігенде қатты күйзелдік. Бейкүнә сәби жетім қалды. Әсіресе анасына ауыр тиді", - дейді Анастасияның туысы Марина Бакина.

"Настя өте көңілді қыз еді. 1 сыныптан бері бір партада отырдық. Қиналған кезімізде көмектесіп, қол ұшын созатын. Ойын-тойдың гүлі еді. Осындай жанның өмірін қиған жан өз жазасын алады деп сенемін", - дейді Анастасияның құрбысы Мария Долдашева.

Еске сала кетейік, Анастасия Чернаяның хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат 13 қыркүйекте тараған еді. Үйінен шығып, қайта оралмаған келіншектің денесі екі күннен кейін қала іргесіндегі тоғайдан табылды.

Полиция қызметкерлері қылмыстың ізі суытпай ашып, күдікті ретінде 1994 жылғы азаматты ұстады. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Аталмыш факті бойынша, сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық Кодекстің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Телеарнаның мәліметінше, тергеу кезінде күдіктінің марқұмды әлдебір ауыр затпен басынан бірнеше рет ұрғаны анықталған.

Полицияның дерегінше, ұсталған күдікті еш жерде жұмыс істемейді. Ал Анастасияның артында қалған екі жасар қызын нағашы әжесі бауырына баспақ.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933201-oralda-oli-kuiinde-tabylgan-kelinsektin-isine-qatysty-zana-malimetter-syqty/