Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алма-Ата дегізбейміз": Белгілі ақын қала атауына қарсы Олжас Сүлейменовке қатаң ескерту жасады

Жарияланған күні:

Ханбибі Есенқарақызы
Фото: qazaquni.kz

Белгілі ақын, Алаш сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы Алматы қаласының атауына қарсы Олжас Сүлейменовке жауап берді. Ханбибі Есенқарақызы неліктен мегаполис атауының Алматы болып қала беретінін тарихи дерек келтіре отырып дәлелдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ханбибі Есенқарақызы malim.kz сайтына жарияланған мақаласында Олжас Сүлейменовтің «Алматыға қайтадан Алма-Ата атауын қайтарайық» деген ұсынысын ұлтқа сатқындық ретінде көретінін жеткізді. Ақын өзінің әйел болса да, қалам ұстауға тура келгенін жазды.

"Негізі бұл әңгімені мен емес, ел алдында жүрген ақсақалдарымыздың біреуі айтуы керек еді. Өкінішке қарай, олар қашанғыларындай бұл жолы да үнсіз... Сосын әйел болсам да амал жоқ, қолға қалам алуға тура келді", - дейді ол.

Ханбибі Есенқарақызы Алматыны ендігіде "Алма-ата" деп атауды еш негізсіз деп атады.

"Мың жылдан астам тарихы бар Алматының «Алма-Ата» болғаны кешегі 1921 жылдан бері ғана. Қаланың ежелгі аты – Алмату. Бұл деректің рас-өтірігіне көз жеткізгісі келген адам Рашид ад-Диннің еңбектерін ақтарыстырса болады. Сондай-ақ, Бабыр да Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмату қаласы туралы жазады. Оны аз десеңіздер Мұхаммед Хайдар Дулати, Шараф ад-Дин Йезди де өз шығармаларында қаланың атауын бірде-бір рет Алма-Ата демейді, Алмату дейді. Нақты жәдігер іздесеңіз Алматы музейінде тұрған сонау Шағатай заманында Алмату қаласында шығарылған темір теңгені барып тамашалаңыз! Марқұм академик Байпақовтың еңбектерін оқыңыз. Ал Алма-Ата деген сөз Жетісуға жиырмасыншы жылдары аяғына шарық байлап жер ауып келген бір переселеннің аузынан шықса шыққан шығар", - деп жазды ақын.

Ханбибі Есенқарақызы мемлекеттік органдардың қала атауын 1993 жылдан бері қазақ тілінде де, орыс тілінде де Алматы деп бекіткенін еске сала кетті. Оның сөзінше, Алматы деген атаудан ұлт руханияты сезіледі.

"Кешегі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Ақжан Машанов, тағы басқа да қанша қайраткерлеріміз ұлт руханиятын өркендетуге Алматыда отырып еңбек сіңірді. Алма-Атада емес. Алматы бүкіл қазақ даласындағы жастардың арман-аңсары болды. Олар арман қала – Алматыға бір жетсем, ұлтымды мұратқа жеткізер едім деген ұстанымда болды.  Алматы деген атаудан ұлт руханияты сезіледі дейтініміз содан! Ал, енді бүкіл ұлттың Алматысына айналған ару қаланы бір келімсекке қайтадан Алма-Ата дегізбейміз", - деп түйіндеді ақын өз сөзін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933274-alma-ata-degizbeimiz-belgili-aqyn-qalanyn-qazirgi-atauyna-qarsy-olzas-suleimenovke-qatan-eskertu-zasady/