Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Неге үйіне келіп естіртпеді": Оққа ұшқан полицейдің туысы жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

1
Фото: Sputnik Қазақстан/ Айгерім Таубай

Алматыда 20 қыркүйекте кісі қолынан қаза болған полицей Дархан Сүлеевті туыстары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Марқұмның жаназасы полиция майоры бала-шағасымен тұрған үйде шығарылды. Полиция қызметкерлері жолдың екі жағына сапқа тұрып, марқұм әріптесіне құрмет көрсетті.

Ал марқұмның артында бес баласы мен бір қауым ел жылап қалды. Дархан Сүлеевтің Аманкүл есімді бөлесі марқұмның бауырмал болғанын айтады.

"Ақжүрек, ақкөңіл, бауырмал еді. Ішектің қатерлі ісігі шығып, үш жыл бойы ауырды. Содан емделіп, биыл жақсы болып кеттім деп қуанған еді. Әлі де дәрі ішіп, химиялық ем алып жүр еді", - дейді бөлесі.

Дархан Сүлеев отбасында жалғыз ұл болған, төрт қарындасы бар. Қазір артында үш қыз, екі ұлы қалды.

"Кішкентайы екі жаста. Кімге қалды бес бала? Үлкені енді 16 жасқа толған. Колледждің 2-курсында ақылы бөлімде оқиды. Бұл баланың бәрін енді кім бағады? (...) Бәріміз интернет арқылы оқып-білдік. Төбемізден жай түскендей болды. Неге алдымен үйіне келіп естіртпеді? Бәріміз көшеден естідік. Содан кейін де оқиғаның қалай болғанын ешкім келіп айтқан жоқ. Министрдің орынбасары (ІІМ министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев – Sputnik) да, әкім де (Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев – Sputnik) келді. Келгеннен не пайда?", - дейді әйел.

Оның сөзінше, туыстары әкімдік тарапынан марқұм полицейлердің отбасына баспана берілетіні туралы ақпаратты интернеттен білген.

"Үймен қамтамасыз еткелі жатқанын да интернеттен оқыдық. Берсе, екі бөлмелі үй берер. Бес балаға ол екі бөлмелі үй не болады? Өздері жалдамалы үйде тұрды, басында баспана да жоқ", - деп күйінішін жеткізді туысы.

Марқұмның өзге туыстары да қызмет барысында полицейлерді оқ өтпейтін кеудешемен қамтамасыз етпегенін айтты.

"Тек жұмыстың орындалғанын талап етеді, бірақ ешқандай жағдай жасамаған", - дейді олар.

39 жастағы майор Дархан Сүлеев құқық қорғау органдарында 18 жыл қызмет еткен.

1982 жылы 4 қаңтарда Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. Полиция қызметінде 2003 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді.

2020 жылдан 2021 жылға дейін Алматы қаласы ІІД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, ІІМ Есболатов атындағы Алматы академиясының жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің магистранты болған.

Алматы полиция департаменті Алатау ауданының учаскелік полиция инспекторы болып осы жылдың тамызынан бастап жұмыс істеді.

Ішкі істер органдарында қызмет еткен жылдар ішінде алты рет көтермеленген, оның ішінде ІІІ дәрежелі "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" медалімен, сондай-ақ "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгісімен марапатталған.

Қайтыс болғаннан кейін ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына тұрғын үй беретін болды. Тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Айта кетейік, 20 қыркүйек кешке Алматының Алатау ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан бес адам – екі полиция қызметкері, жеке сот орындаушысы, дау шыққан үйдің жаңа иесі мен оның танысы оққа ұшты.

1967 жылы туған ер адам полиция қызметкерлеріне, сот шешімін орындауға келген сот орындаушысына және олармен бірге барған адамдарға оқ жаудырды. Бесеуі де сол жерде қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933326-nege-uiine-kelip-estirtpedi-oqqa-usqan-policeidin-tuysy-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel