Бұрынғы қаржы вице-министрі сотталды: Сот түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтында Қазақстанның бұрынғы қаржы вице-министріне қатысты үкімнің түсіндірмесі жария етілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 2021 жылғы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданы №2 аудандық соты Еңсебаевтан бөлек, Ескендіров, Байбосынов, Бұхарбайға қатысты айыптау үкімін шығарған.
"Қаржы министрлігінің бұрынғы вице-министрі Еңсебаев Байбосынов пен Бұхарбайдан ҚМ-н цифрландыру жобаларын ақпараттық сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетуді сатып алу конкурсында "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің жеңіп шығуы үшін 1,2 миллион теңге пара алған.
Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ақпарат комитетінің төраға орынбасары Ескендіров Байбосынов пен Бұхарбайдан қосалқы мердігерлік жұмыстарды орындауға "Астана қаласының телеарнасы" ЖШС мен "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің арасында келісім-шарттар жасасу барысында құжаттарға қол қоюды жеделтету мен қамқорлық жасағаны үшін 2,3 миллион теңге пара алған.
Сотталушылардың кінәлары куәлардың айғақтарымен, банктік шоттардың көшірмелерімен дәлелденді.
Енсебаев пен Ескендіров пара алғаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі). Байбосынов пен Бұхарбай адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара бергені үшін кінәлі деп танылды" делінген хабарламада.
Жаза бойынша соттың шешімі
Пара бергендігі үшін Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Сот қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қабылданған анттың бұзылуын таныды, сондықтан Еңсебаев пен Ескендіровке 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды әділ деп санады.
Заң бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара беруі аса қатаң жаза – 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Сот Байбосыновқа қатысты жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды. Бұхарбайға қатысты жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Осыған байланысты, Байбосынов пен Бұхарбайға заңмен қарастырылған жазаның ең төмен мерзімі – 7 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды.
Сотталушылар үкімнің жариялануынан кейін қамауға алынды" деді елорданың соты.
Барлық сотталушылар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933608-burynga-qarzy-ministri-sottaldy-sot-tusinikteme-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.