"Қатты өкінемін": Алматыда бес адамды атып өлтірген күдікті екі айға қамауға алынды
Жарияланған күні:
Алматыдағы Ақбұлақ шағын ауданында бес адамды атып өлтірген күдікті екі айға қамауға алынды. Бұлтартпау шарасына қатысты сот отырысы бүгін өтті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты И.Д.-ны екі айға қамау туралы шешім шығарды. Бұлтартпау шарасы 20 қыркүйектен бастап есептеледі.
Сотта сөз алған күдікті болған жайтқа өкінетінін айтты. Дегенмен ол өзін мұндай жағдайға жеке сот орындаушыларының әрекеті итермелегенін айтуда.
"Мен осылай болып, адамдар қайтыс болғанына қатты өкінемін. Соттың өктемдігі мен жеке сот орындаушыларының әрекеті мені осындай жағдайға түсірді. Мен қатты ашуланып, осы қылмысты жасадым. Мен бұған өкінемін және бұдан кейін куәлік беруден бас тартамын. Жағдайым нашар", - деді Д.
Тергеу судьясы күдікті бостандықта жүрсе сотқа дейінгі тергеуден жалтарып, тергеудің жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін деп есептеген.
Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы жайт 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болды.
Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.
Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды.
Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
Күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Одан бөлек, күдіктінің әйелі мәлімдеме жасап, қайғылы жайтқа қатысты пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933630-qatty-okinemin-almatyda-bes-adamdy-atyp-oltirgen-kudikti-eki-aiga-qamauga-alyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.