Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мінезі жұмсақ": Заңгер Ақбұлақта көз жұмған сот орындаушысының өмірде қандай адам болғанын айтты

Опубликовано:

Мұрат Әбенов
Фото: Instagram/pro.pravo.kz

Алматылық заңгер Анна Дмитриевич Ақбұлақтағы атыста көз жұмған сот орындаушысы Мұрат Әбеновпен жақын таныс болғанын жазды. Ол марқұмның кәсібилігімен қоса адамгершілік қасиетін де жоғары бағалағанын алға тартады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Анна Дмитриевич Мұрат Әбеновпен 2016 жылдан бері таныс екенін жазды.

"Ол кісімен өзім жүргізген алимент өндіру бойынша істі орындауға тапсырған кезде таныстым. 2021 жылдың сәуіріне дейін ол осы іспен айналысты. Бес жыл ішінде бірнеше сот процесі болып өтті, сол кезде мен оның бойынан тек кәсіби маманды ғана емес мейірімді, тәртіпті, салмақты салиқалы адамды көрдім. Мәселен, қарызданушы бар мінезін көрсетсе де, Мұрат оның бар ашуын көтеріп, жай ғана күлімдей салатын. Заңмен бекітілген барлық шаралар қолданылатын, сол уақытта мен одан қорқытып-үркіту әрекеттерін байқамадым. Ол өте жұмсақ, ішкі мәдениеті жоғары адам бола білді. Менен біреулер сот орындаушысын табуға көмек сұраса мен ойланбастан оның нөмірін беретінмін. Мен оның жасаған жұмысынан да, өзінен де ұялған емеспін. Біздің көптеген тұтынушыларымыз өз құжаттарын оған сеніп тапсыра алатын", - дейді Анна Дмитриевич.

Алматылық заңгер сот орындаушыларының жұмысы оңай емес екенін, марқұм Мұрат Әбеновке сот орындаушысы ретінде теріс пікір білдірмеуді өтінді.

"Мұрат соттың үйді босату туралы шешімі қолына тиген соңғы сот орындаушысы болып қалды. Ол сату-сатып алу процесінде де, атқыштың үйімен байланысты ешбір сот отырыстарына да қатысқан жоқ. Оның бәрі соттың әрекеті. Кепілге қойылған үйді сатуға қойған да, жарты бағасына сатқан да ол емес. Ол кредит беретін банк емес. Үйді босату туралы шешімді шығарған да ол емес. Заң қатал, бірақ ол заң. Үйді босату туралы шешім шықса, демек оны өз еркімен немесе мәжбүрлеп болсын орындау қажет. Заң солай, оны Мұрат ойлап тапқан жоқ", - деп жазды Анна Дмитриевич.

Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы жайт 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болды.

Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.

Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933786-minezi-zumsaq-zanger-aqbulaqta-koz-zumgan-sot-oryndausysynyn-omirde-qandai-adam-bolganyn-aitty/

pixel