RU

Көкшетауда қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеген сауналардың әкімшісі ұсталды

Жезөкше
Көрнекі фото: ru-an.inf

Ақмола облысында қыздарды жезөкшелікке жеккен екі сауна анықталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өңірде 19 қыркүйекте басталған "Стоп-трафик" республикалық арнайы операциясы аясында полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты 5 қылмысты ашты (оның екеуі жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу қылмысы).

Мысалы, 21 және 23 қыркүйек күндері облыс орталығында полицейлер 2 және 5 мың теңге көлемінде сыйақыға клиенттеріне интимдік қызмет көрсету үшін қыздар ұсынған екі саунаның әкімшілерін ұстады. Олар кінәсін мойындады.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау немесе жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетері, бұл баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сонымен қатар 19 қыркүйекте жедел алдын алу іс-шарасы барысында Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды, ол жергілікті тұрғынның материалдық жағдайын пайдаланып, жезөкшелікпен айналысуға тартқан.  

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 308-бабы 1-бөлігі (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933863-koksetauda-qyzdardy-zezokselikke-mazburlegen-saunalardyn-akimsisi-ustaldy/