Тоқаев Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейлерді наградалармен марапаттады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлер мен сот орындаушыны мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресми құжаттың мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланды:
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы
2021 жылғы 25 қыркүйек
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын:
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
- Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы
- Сүлеев Дархан Дауылбайұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы;
«Ерлігі үшін» медалімен
- Әбенов Мұрат Бақбергенұлы (марқұм) – Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшесі, Алматы қаласы.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген мәтінде.
Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы оқиға 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында Алатау ауданындағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болды.
Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.
Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды.
Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.
Күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Одан бөлек, күдіктінің әйелі мәлімдеме жасап, қайғылы жайтқа қатысты пікір білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933892-toqaev-almatydagy-atysta-qaza-tapqan-policeilerdi-nagradalarmen-marapattady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.