RU

Ақтауда бір жарым айдан бері табылмай жатқан 24 жастағы жігітке іздеу салынды

Азамат
Фото: lada.kz

Ақтауда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 24 жастағы Азамат Сәдуақасов іздестірілуде. Ол 10 тамызда 16 ықшамауданындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Туыстары бір жарым ай бойы оны іздестіруде деп хабарлайды Lada.kz.

Жоғалған күні Азамат қара шорты, футболка мен сланцы киген. Жігіттің отбасы 22 тамызда оның із-түзсіз кеткенін айтып, полицияға хабар берген.

Басылымның хабарлауынша, 11 қыркүйекте полицейлер Азаматтың туыстарына Маңғыстау ауылында көше кезіп, үйсіз-күйсіз жүргендердің арасынан оған ұқсас жігітті көргенін айтқан.

Туыстары бірден сол жерге барғанымен, еш нәтиже болмаған.

Кейін полицейлер Азаматтың отбасына денесі теңізден табылған адамның суретін көрсеткен. Алайда олар мәйіттің Азаматқа ұқсамайтынына сенімді.

Бүгінде жігіттің туыстары генетикалық сараптаманың нәтижесін күтуде және Азамат аман-есен табылады деп үміттенеді.

Айта кетейік, келесі айда Азамат 25 жасқа толады. Оның шаңырақ көтергеніне бір жыл да толмаған.

Азамат Сәдуақасов жайлы қандай да бір ақпарат білетін жандар болса келесі нөмірлерге хабарласуға болады: 8 702 958 71 91 және 8 775 328 55 12.

Еске сала кетсек, бұған дейін Семейде бір ай бұрын үйінен шығып кетіп, әлі күнге дейін оралмаған 21 жастағы Сарыби Нұртасұлы іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік.

Жігіттің белгілері: бойы – 175-180 см, көзі қоңыр, шашы қара, төменгі ернінің оң жағында тыртық бар, көзілдірік киген. Жоғалған күні үстінде ашық көк түсті футболка, қара түсті трико, аяғында кеды болған.

Одан бөлек, Қызылордадан жеке көлігімен Нұр-Сұлтанға қарай шыққан Самат Бегімбайдың іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933984-aqtauda-uilengennen-keiin-iz-tuzsiz-ketken-zigitke-izdeu-salyndy/