RU

ШҚО-да 30 жылға жуық халықаралық іздеуде жүрген ресейлік ұсталды

Қылмыскер
Көрнекі фото: Mario Tama/Getty Images

Шығыс Қазақстан облысында 30 жылға жуық халықаралық іздеуде жүрген ресейлік ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өңір аумағында "Іздеу" республикалық жедел-алдын алу шарасы жүргізілуде.

Шара барысында Семей қаласындағы криминалдық полиция қызметкерлері 30 жылға жуық Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарынан жасырынып келген сол елдің азаматын ұстады.

Белгілі болғандай, ол 1992 жылдың ақпанынан бастап адам өліміне әкеп соққан дене жарақатын келтіру фактісіне байланысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.

"Тәртіп сақшылары келіп түскен жедел ақпараттың нәтижесінде, ұзақ уақыт бойы жасырынып келген ер адамды анықтады. Ресейлік бірге тұрған әйелге өзін жалған атпен таныстырып, шынайы деректерді жасырып келген. Қазіргі уақытта қылмыскерді Ресей Федерациясына экстрадициялау мәселесі шешілуде", – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934270-sqo-da-30-zylga-zuyq-xalyqaralyq-izdeude-zurgen-reseilik-ustaldy/