Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қарызы жоқ еркін қазақпын": Белгілі журналист кредит алмай-ақ, екі аптада үй салып тастады

Опубликовано:

Журналист тұрғызған үй
Журналист тұрғызған үй: жеке мұрағат

Танымал журналист Гүлвира Биғалиева бас-аяғы екі аптаның ішінде қала шетінен үй салып алды. Ол құрылысқа көршілес Өзбекстаннан келген жұмысшыларды жалдаған. Ал үйді салып шығуға жалпы алғанда жеті миллион теңге кетіпті. Осы орайда, Гүлвира үй салу үшін банктен кредит алмағанын ашық айтты. Тіпті, зейнетақы қорындағы шектік межеден асқан ақшасын да қозғамаған. Бұл туралы ол Facebook парақшасында мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Менің үйімді Өзбекстаннан келген жұмысшылар небәрі 2 аптада тұрғызып берді. Қыркүйектің 11 күні газоблоктан үйдің қабырғасын қалауды бастаған өзекемдер қыркүйектің 25 күні, яғни, тура 14 күнде мына үйдің шатырын жауып, еденнің стяжкасын құйып, баспалдағын жасап, бір-ақ тапсырды.

Басында үш өзбек жігіті бастаған еді, соңынан басқа құрылыстан босаған тағы үш жігіт келіп, алтауы тездетіп бітіріп тастады. Мен биыл үй салам деген ойым болғанымен, жаз бойы құрылысшылар мен газоблок таба алмай, бәрін тоқтатқан едім. Жалақыдан тығып-мығып жинаған ақшам тек фундамент құйып, септигін қазып, дәретхана орнатуға жетті.

Ал төбесін жабатын ағаш-пағаш, шатырларын былтыр қыста алып қойған едім. Жаз бойы күзге дейін талмай еңбек еткенім сонша, құрылысшылардың еңбекақыларын төлейтін ақыны таптым. Осылайша апыл-ғұпыл күзде басталған құрылыс тез әрі сапалы аяқталды", - дейді журналист.

Гүлвира өзінің нәзік жанды болғанына қарамастан, құрылыс заттарын алудан әбден шебер болғанын жасырмады.

"Расымен, Өзбекстанның еңбекқор жігіттері жарады. Тамақтарын да өздері жасап ішіп, бауырым Айбек екеуімізге не керек екенін айтып отырды. Нәзік жан бола тұра, құрылыс базарына барып, құрылыс материалдарының бәрін танып алғаным сонша, қазір бір үй тұрғызу үшін қанша кірпіш, қанша ағаш, қанша цемент, шеге кететіне дейін жаттап алдым.

Мен үшін ешбір қарызсыз, кредит алмай, таза өз жиған жалақыммен бес бөлмелі кең үй салу аса қиындық тудырмады. Ең бастысы - 2 жылдық карантин де өз нәтижесін берді. Жыртыңдап тойға бармадық, жырғалып шетел араламадық және киім-кешек, анау-мынау алу үшін базар, дүкеннің бәрі жабық болды", - дейді ол.

Бір қызығы, журналистің талай жылдан бері зейнетақы қорында жинаған ақшасын алу мүмкін болмаған.

"Зейнетақы қорындағы жиналып тұрған ақшамызды алайық десек, үкіметтің үй салу үшін арнайы смета мен компанияны көрсетіп, ақшаңды бір-ақ аласың деген заңы менің ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарын жүргізуге кедергісін келтіріп тұр. Осының салдарынан, еңбекпен жинаған зейнетақы қорындағы шекті ақшамды ала алмадым. Тағы да еңбектеніп, ары қарай жалақыммен-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізе беремін.

Жер алып үй салудан еш қашпау керек. Ипотекалық кредитқа кіріп алып, өмір бойы қарызданып өткенше, қаланың шетінен арзандау болса да жер тауып, ептеп-септеп үй салып алған ыңғайлы. Есесіне қарызың жоқ, еркін қазақ ретінде өмір сүресің. Алда-жалда жау шапса да , “бес сотық жерім үшін, елім үшін алға” деп атқа қонасың. Бүгінде қаланың іші ығы-жығы халыққа толы. Елдің бәрі қалаға қоныс аударған сайын құрылыс компаниялары үйдің бағасын қымбаттатып, елдің бәрін қарызға батырып жатыр. Бұл жақсы емес. Әр қазақ қарызсыз, еркін өмір сүруі керек.

Бәрі қанша қаражат кетті деп сұрап жатыр. Ашық айтайын: 4 сотық жерімді 3,6 млн теңгеге сатып алдым. 3,5 млн теңгеге үйді салдым, құрылыс материалдарын алдым. Жалпы алғанда жеті миллионнан аса ақшам кетті", - дейді Гүлвира Биғалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934562-qaryzy-zoq-erkin-qazaqpyn-belgili-zurnalist-kredit-almai-aq-eki-aptada-ui-salyp-tastady/

pixel