Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құдайға шүкір, бастадың": Нығматулин вице-министрге қазақша сұрақты аударып берді

Жарияланған күні:

Нұрлан Нығматулин
Нұрлан Нығматулин. Фото: ult.kz

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қазақ тіліндегі сұраққа жауап бере алмаған вице-министрді сөзбен түйреп өтті. Оған намыстанған шенеунік Ресейден көшіп келгенін айтып ақталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін депутаттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін қарады. Осыған байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Жаңа заң аясында цифрлық активтер де бақылауға алынып, осы салада қызмет атқаратын адамдардың мемлекеттік электронды тізімі жасалады. Оны цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізеді. Талқылау кезінде депутат Асқарбек Үйсімбаев екі бірдей сұрақ қойды.

"Бүгінде министрлік цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын осындай адамдардың тізілімін жүргізудің тәртібін пысықтады ма? Мемлекеттік тіркеуден, оның ішінде қасақана жалтаратын адамдарға қандай шаралар қолданылады?", - деп сұрады Үйсімбаев.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектен сұраққа жауап беруді сұрады.

Оның сөзіне қарағанда, тізім өткен жылы дайындалған. Бірақ министрлікте қосымша өкілеттіліктер жоқ. Ол үшін жаңа заң жобасын қабылдау қажет. 

"Қазіргі уақытта бізде қамтамасыз етілген цифрлық активтерді ғана шығарылуы мен айналымын айқындау жөніндегі құзірет бекітілген. Бірақ қамтамасыз етілген цифрлық активтерді ұйымдастыратын жосықсыз тұлғаларға қатысты шаралар қабылдау үшін жеткілікті өкілеттіліктер жоқ. Сондықтан бізге тағы жосықсыз тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Сол... Екінші сұрақты мен...", - деді Оразбек (вице-министрдің қазақша айтқан сөзін сол күйінде ұсынып отырмыз).   

Осы кезде Нығматулин: "Екінші сұрақты түсінген жоқсыз. Екінші сұрақ бойынша қолда қағаз жоқ...", - деп вице-министрдің сөзін жалғастырды. Оразбек "Иә! Солай болды" дегенде залда отырған депутаттар күліп жіберді.

Біршама үнсіздіктен кейін вице-министр қазақ тіліндегі сұрақты түсінбеуінің себебін айта бастады.

"Нұрлан Зайроллаұлы, мен қазір қазақша сөйлей бастадым, қазақша білемін, қазақша сөйлеймін. Ресейден келген оралман болғандықтан кішкене қиындау", - деді Оразбек.

"Иә, көріп тұрмыз. Құдайға шүкір, бастадың, жақсы. Оған ұялмау керек. Қадамың дұрыс. Екінші сұрақты қайталап жіберіңізші", - деді Нығматулин.

Артынан мәжіліс төрағасы сұрақты орыс тіліне аударып берді. Бірақ вице-министр Оразбек қазақша жауап берді.

"Әкімшілік-процессуалдық кодекс бойынша осы тұлғаларға қатысты арнайы нормалар енгізіледі", - деп атап өтті Оразбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934727-ia-solai-boldy-vice-ministrdin-nygmatulinge-bergen-zauabyna-deputattar-kulip-ziberdi/