RU

Ақмола облысында жоғалған жеткіншек көліктің жүксалғышынан табылды

Көлік
Фото: Ақмола облысы ПД

Ақмола облысында полицейлер жоғалған баланы көліктің жүксалғышынан тапты деп хабарлайды zakon.kz.

Белгілі болғандай 30 қыркүйекте ер адам полицияға 2009 жылы туған ұлының жоғалғанын айтып, жүгінген.

Оның сөзінше, ұлы 29 қыркүйек күні сағат 20.00 шамасында үйден шығып кетіп, қайта оралмаған.

Жасөспірімді іздеуге жедел тергеу тобы, ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторлары жұмылдырылған.

Полицияға жүгінген азаматтың тұрғылықты жеріне келгеннен кейін полиция қызметкерлері, ең алдымен, жақын маңдағы аумақ пен аулаларды қарап шыққан. Одан бөлек, аулада жоғалған баланың әкесінің бұзылған көлігі тұрған.

"Полиция көлікті тексеруге шешім қабылдады. Тексеру барысында көлік жүксалғышынан із-түзсіз жоғалған бала әкесінің киіміне оранып, ұйықтап жатқан жерінен табылды", – дейді Ақмола облысының полиция департаменті.

Жеткіншектің жағдайын тексеру кезінде оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгілер болмаған, ол ата-анасына тапсырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанай облысында тәртіп сақшылары 13 жастағы баланың 27 қыркүйекте мектептен кетіп қалып, жоғалғанын хабарлаған еді.

Мектеп оқушысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұратыны да айтылды.

Кейін баланы іздеу жұмыстарын жүргізген Әулиекөл аймағының полицейлері тапты. Тәртіп сақшылары баланың Аманқарағай ауылына туыстарына қонаққа келгенін анықтаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934748-aqmola-oblysynda-zogalgan-zetkinsek-koliktin-zuksalgysynan-tabyldy/