Долан ауылында мектептің төбесі ішіне опырылып түспес үшін тіреуішпен тіреп қойған (видео)
Жарияланған күні:
Желіде Алматы облысы Долан ауылындағы мектептің апатты жағдайда жұмыс істеп тұрғаны туралы видео пайда болды. Аты-жөні белгісіз ата-ана мектепке Ashyq жүйесі арқылы кіргенін айта келе, төбесін тіреуішпен тіреп қойған сыныптарды видеоға түсіріп көрсетті. Видеоны журналист Ирина Советжанқызы өз парақшасында жариялады. Мәселеге қатысты Қарасай ауданының әкімдігі жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, Долан ауылындағы бастауыш мектептің төбесі ішіне опырылып түспес үшін бірнеше жерден темір тіреуіштер қойылған. Аталған білім ордасына кіріп, жағдайды көрсеткен ата-ана онда оқушылардың білім алуына қарсы. Видеодағы әйел мектепті жаптыруға әрекет ететінін айтады.
"Міне, осындай стояктар қойып қойған мектепте, мен білмеймін қалай оқиды мына жерде балалар, мен қазір ашықпен кірдім, мектептің ішіне. Менің балам оқиды мұнда", - дейді видео авторы.
Қарасай ауданының әкімдігі KAZ.NUR.KZ тілшісіне бұл жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Әкімнің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Долан ауылына 600 орындық жаңа мектеп салу туралы құрылыс компаниясымен келісім жасалған.
"Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан ауылында 600 балаға арналған жаңа мектеп құрылысына 2020 жылы 14 сәуірде "Капремпроект" ЖШС жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжатты жасау туралы келісімге келдік. Құрылыс аумағы 2,5 гектарды құрайды. 24 тамызда мемлекеттік сараптаманың оң тұжырымдамасы шықты. Қазіргі таңда Алматы облыстық Экономика департаментіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім берілді", - дейді Қарасай ауданы әкімдігі тілші сауалына.
Әкімдіктегілер жергілікті тұрғындардың жаңа мектеп құрылысы біткенше басқа ғимарат тауып беруді немесе Қаскелеңдегі Алтын ауыл мектебіне ауыстыру туралы өтінішін қарастырып жатқанын да мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934770-dolan-auylynda-mekteptin-tobesi-isine-opyrylyp-tuspes-usin-tireuispen-tirep-qoigan-video/