RU

Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді

Тұрғындар
Фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап қазақстандықтардың өмірінде бірқатар өзгерістер күтілуде деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Халық санағын азаматтардың үйлеріне барып жүргізу

Бүгін Қазақстанда халық санағын жүргізудің екінші кезеңі басталады.

1 қазаннан бастап интервьюерлер өз жұмысын бастайды, олар азаматтардың үйіне барып, санақтан өтудің дәстүрлі әдісін ұсынады. Үйлерді аралап, санақ жүргізу айдың соңына дейін жалғасады.

Ал 15 қазанға дейін Қазақстанда халық санағынан онлайн түрде sanaq.gov.kz сайты арқылы өтуге болады.

Орда ипотекалық бағдарламасы бойынша несие беруді тоқтата тұру

1 қазаннан бастап қазақстандықтарға аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға несие берілмейді және жеке тұлғалардың өтініштерін қабылдау тоқтатылады.

"Орда" бағдарламасын жыл сайын жоспарлы қаржыландыру 13,8 млрд теңгені құрайды және "Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы" АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша жоспарлы көрсеткіштер 4,1 млрд теңгеден асты. Осыған байланысты компания жеке тұлғалардан өтінімдерді қабылдауды тоқтатады", - делінген құзырлы мекеменің ресми хабарламасында.

Елімізде жаңа мейрам пайда болды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтау барысында президент Қазақ радиосының 100 жылдығын мерекелеу аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды ұсынған болатын.

Нәтижесінде 13 тамызда ел үкіметінің қаулысымен 1 қазан Радио қызметкерлері күні болып жарияланды.

Дәрігерлердің үстемеақысы азаяды

Қазан айынан бастап коронавируспен күреске тартылған дәрігерлерге үстемеақы төленбейді.

Үстемеақы тоқтатылғанмен, дәрігерлерді ынталандыру жаңа ереже бойынша жүргізіледі. Олар елдегі эпидемиологиялық жағдайға тәуелді болмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия басталғалы бері төленіп келген үстемеақы уақытша шара екенін атап өтті. Оның орнына психоэмоционалды және физикалық жүктемелер үшін тұрақты түрде үстемеақы төлеп отыру ұсынылды.

Шетелде тіркеуде тұрған көліктерді Қазақстаннан шығару мерзімі аяқталды

Қазақстандық көлік иелеріне шетелдік есепте тұрған темір тұлпарын ел аумағынан шығаруға берілген мерзім аяқталды.

Заңнамаға сәйкес, егер көлікті шығарып үлгермесе кедендік баж және салықтар толық төленетін болады.

Қазақстан мен Катар арасындағы жаңа рейстің ашылуы

Qatar Airway 2021 жылдың 15 қазанынан бастап Доха мен Алматы қалалары арасында Қазақстанға тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр.

Рейстер аптасына екі рет - дүйсенбі мен жұма күндері А-320 ұшақтары арқылы жасалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1934877-qazaqstanda-1-qazannan-bastap-ne-ozgeredi/