Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық кітапханада «Тіл және тұлға» кітабының тұсаукесері өтті

Жарияланған күні:

ҚР Ұлттық ғылым академиясы
Фото: ҚР Ұлттық ғылым академиясы

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында елімізге белгілі тілші-ғалымдар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жетекші жоғарғы оқу орындарының профессорлары және жас ғалымдар бас қосты. Олар тілге деген құрметті арттырып, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуде, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде атқарылар ауқымды мәселелерді талқылады.

Іс-шара аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен Алаш зялыларының жолын жалғастырып, идеяларын одан әрі дамытып, тіл білімі ғылымының ілгерілеуіне, оның түркологияда өзіндік орын алуына өлшеусіз үлес қосқан академиктердің еңбектері жан-жақты баяндалған ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» атты кітабының таныстырылымы өтті.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы
Фото: ҚР Ұлттық ғылым академиясы

Бұл еңбекте Ұлттық ғылым академиясының академиктері - қазақ тіл білімінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев сынды аға буын өкілдері мен осы саланы одан әрі дамытуға атсалысып жүрген тілші-ғалымдардың ғылыми-шығармашылық қызметі, негізгі ғылыми еңбектері туралы мақалалар топтастырылған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы
Фото: ҚР Ұлттық ғылым академиясы

Іс-шараға модераторлық еткен Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан кіріспе сөз сөйлеп, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтауда бұл кітаптың қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан, ел үшін аянбай қызмет атқарған ғалымдардың ғибратты ғұмырнамасын насихаттап, жас ұрпақ санасын рухани тұрғыдан байытып, тәрбиелік мәні терең ұлттық құндылықтарды санаға сіңірудегі рөлі ерекше екендігі айтылған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясы
Фото: ҚР Ұлттық ғылым академиясы

Кітап таныстырылымында сөз алған академик Зейнеп Базарбаева, еліміздің белгілі тілші-ғалымдары, профессорлар Ж.Манкеева, Ж.Балтабаева, А.Салқынбай, Т.Ермекова, Ж.Сүлейменова автордың академия мүшелерінің ғылыми еңбектерінен қысқаша мәліметтер бере отырып, ғалымдардың қайраткерлік қырлары, тұлғалық тағылымы және ұстаздық ұлағаты, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мен дамыту жөніндегі ұстанымдары, қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлін көрсеткенін ерекше атап өтті.

Ғылыми-танымдық портреттер ҚР ҰҒА және республикалық «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы негізінде әзірленгенін айтқан газеттің Бас редакторы Қали Сәрсенбай кітап авторы әдеттегідей қалыптасып қалған энциклопедиялық анықтамалармен, қатаң ғылыми стильмен шектелмей, тарихи-танымдық, ғылыми-публицистикалық бағытты ұстанғаны, академиктердің тағлымдық қырларын ашуға зор мүмкіндік туғызғанына тоқталды.

Академик Кәрімбек Құрманәлиев кітап таныстырылымына қатысып, оң пікірлерін білдірген ғалымдарға рахметін айтып, Ұлттық кітапхана қорына еңбегін тарту етті.

Кітаптың лентасын қию құрметі көрнекті ғалымдар З.Базарбаева, Ж.Манкеева және қоғам қайраткері Қ.Сәрсембайға көрсетілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935216-ulttyq-kitapxanada-til-zane-tulga-kitabynyn-tusaukeseri-otti/