"Қытайда оқып, Қазақстанда такси айдайтындар бар": Маман шетелде оқитын жастар туралы бар шындықты айтты
Жарияланған күні:
Гүлзия Байдалы Польшада білім алып, елге келген соң өз саласында белсенді түрде қызмет етіп жүрген мамандардың бірі. Бүгінде ол қазақстандық жастардың шетелде оқуына көмектесіп, университет, колледж және мамандық таңдауға көмектеседі. Осы орайда, Гүлзия шетелде білім алған кейбір жастардың елімізге келіп, екі қолға бір күрек таппайтынын да айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Польша елінде Халықаралық менеджмент мамандығы бойынша білім алдым. Оқи жүріп, ТМД елдерінен келген студенттермен тығыз жұмыс жасап, құжаттарын, таңдалған мамандықтары бойынша қосымша ақпарат беріп, ары қарай жұмысқа орналасуымен айналыстым. Осылайша, нарықты зерттей отырып, сұраныстағы мамандықтар жайлы, жалпы қай маман қай жерде жұмыс істей алатыны бойынша кеңес беріп жүрдім.
Негізі, алғаш рет Польшаға студент болып келгенімде, елді, тілді білмейтін өзіме нұсқаулық ретінде немесе жөнін айтып жіберетін адам болмаған соң, болашақ шетелде оқитын студенттерге көмектесуім керек деп ойладым. Себебі, кейде қай университетте қандай мүмкіншіліктер бар екенін білмей жатамыз. Өзге елге алғаш келген студенттерге бастапқы адаптация кезінде көмектесіп жіберу керек. Жататын орын, университет қай уақытта грант бере алады немесе жұмыс табуда қандай факторларға мән беру керектігі маңызды», - дейді ол.
Сондай-ақ, Гүлзия шетелде оқитын қазақстандық студенттердің кейбірі елге оралмайтынын, ал елге оралғандар кейде дұрыс жұмыс таба алмайтынын да айтты.
«Мықты маман қай кезде де, қандай елде де сұранысқа ие. Кейбір мамандар оқып жүріп, қосымша түрлі жобаларды дамытып, алып компанияларға жұмысқа тұрды. Бәріміз тұрақты табыс тауып, сүйікті жұмыс істеуді қалаймыз. Шетелде тарихы терең, тұрақты жұмыс ұсына алатын алып компаниялар көп, сондықтан, көп жерлестеріміз жат елде қалып жатыр. Немесе, әртүрлі салада қызықты стартап компаниялар бар. Десек те, он адамның төрт-бесеуі елге қайтады. Себебі, алған білімін өз елімізді көркейтуге жұмсап, жақындарының қасында болуды да қалайды. Бұл жерде әр адам өзі шешеді. Статистика бойынша 40 пайызға жуық жерлестеріміз елге оралады екен.
Жақсы маман барлық жерде сұраныста. Елге келген соң дипломды заңдастырып, сәйкесінше өз салаңыз бойынша жұмыс қарастырасыз. Сіз білім алған мамандық бойынша Қазақстанда қай жерде жұмыс істеуге болатынына анализ жасау керек. Сәйкесінше қала, компанияны өзіңізге сай табасыз.
Ал кейде сіз оқыған мамандық елімізде сұраныста болмауы мүмкін. Еңбек нарығын зерттеген соң нақты шешім қабылдау керек. Жақында Қытайда оқыған танысымның елде таксилетіп жүргенін естідім. Расында, қиын жағдай.
Еліміз дамып келеді. Кейбір шетелде білім алған мамандықтарға елімізде сұраныс болмауы мүмкін. Білім алып келген соң, факт бойынша жұмыс істейтін ортаңызды толықтай зерттеп, осы ортаға бейімдеу керек. Кейде оқып келген, үйреніп келген инструменттер біздің елде қажетсіз болып қалады. Сондықтан анализ жасай білу маңызды», - дейді Гүлзия.
Сұхбат барысында Гүлзия шетелдегі қазақ жастарына қысқаша тоқталып, жат жерде білім алудың жауапкершілігі жоғары екенін айтты.
«Біздің университетте 30-ға жуық қазақ студенті оқыды. Алғашында 12 қазақ болып барғанбыз. Бізді көбіне қытай, жапон ұлтымен шатастыратын. Шетелде әркім өз-өзіне жауапты. Жоғарғы оқу орны мен жұмыс берушілер кешігіп жүргенді ұнатпайды. Оқу үлгерімі, қосымша іс-шараларға қатысу тұлғалық дамуға үлкен үлес қосады. Сонымен қатар, активті түрде дұрыс демала білу де керек.
Сондай-ақ, өз еліңде емес, басқа елде жүргеніңді, ары қарай өз өміріңе өзің жауапты екеніңді анық білу керек. Өзге елдің заңын, талап-тәртібін құрметтеу керек», - дейді Гүлзия Байдалы.
Сөз соңында Гүлзия шетелде білім алу үшін не істеу керектігін айтты.
"Қазір шетелде оқығысы келетін жастар өте көп. Бірақ шетелдердегі жоғары оқу орынлары мен тиімді мамандықтар туралы білетіндері аз. Осы орайда, ең алдымен шетелде оқығысы келетін адам мамандықты таңдауы керек. Шетелде оқу ақылы. Бірақ университет ұсынатын гранттар, ректорлық гранттар, оқу үздіктеріне жеңілдік қарастырылады. Оқуға тапсырмас бұрын талапкерде ағылшын тілі деңгейі жоғары немесе түрлі халықаралық байқауларға жеңімпаз болған болса, сәйкесінше қосымша ұпай болады", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935351-qytaida-oqyp-qazaqstanda-taksi-aidaityndar-bar-maman-setelde-oqityn-zastar-turaly-bar-syndyqty-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.