Сатып алушылар елордалық автосалонға 7 млрд теңгеге алданғанын айтып, шу шығарды
Жарияланған күні:
Елордада 400-ге жуық адам жаңа ашылған автосалонға алданып, көліксіз қалғанына шағымданды. "Көлік сатып алып береміз" деп сендірген менеджерлер сатып алушыларға ақшасын толық төлеткізген деп хабарлайды КТК арнасы.
Несие алып бар қаржысын санап бергендер енді ақша да, көлік те жоқтығын айтып, шу шығарды.
"Бүкіл жерде автосалондарды қарадық. Ол жерлерде үш ай, төрт ай күтесің деді. Сосын интернетте осы NurAuto бір ай, 30-45 күн деген соң, NurAuto-ға бардық. Біз барғанда адамдар нөмірге де тапсырып беріп жатты. Кәдімгідей. ХҚКО-дан арнайы адамы отырды. Сондайларды көргеннен кейін бәріміз ойладық, рас шығар деп. Сол жерде қаншама адам жүрді. 54 миллион теңге салған кісілер жүрді. 12, 16 миллион, одан да көп салғандар бар", - дейді жәбірленуші Әлібек Төлеуов.
Телеарнаның хабарлауынша, қазір көлікті сатып алуға келісімшарт жасалған автосалон жабық, есігінде қара құлып тұр. Бос кеңсені құқық қорғау орындары мөр басылған қағазбен жамап қойған.
Компания ресми түрде биыл мамыр айында ашылған. Содан бері ғимаратқа келушілер легі толастамапты. Елімізге танымал блогерлер халықты осы салонның арзан бағалы көліктерімен қызықтырып жарнамалағаны белгілі болып отыр.
Алданып қалғандардың сөзіне сенсек, автосалонның жауапты басшыларының бірі қамауға алынған. Полицейлер де бұл мәліметті растап отыр.
Қылмыстық іс қозғалған, бірақ нақты қандай баппен істің өрбіп жатқаны беймәлім. Тәртіп сақшылары NurAuto.kz компаниясынан жәбір көргендердің арыз жазуын сұрайды.
Ал темір тұлпарсыз қалғандар елорда бойынша 400-ге жуық көлік жүргізушісінің 7 миллиард теңгеден астам сомаға алданып қалғанын айтады. Алаяқтардың арбауына түскендер арызымызға ерте мән бергенде, бұл жағдай орын алмас еді деп күйініп отыр.
"Бірінші арыз ІІМ-не 22-сі күні түскен. Сол кезде алаяқтардың бәрі жүрді. Сол кезде неге бәрін қамамады? Түсінбейсің. Мамыр айынан бері төрт ай күттім. Көлік жоқ. Басынан аяғына дейін жүрдім. Екі ай бұрын Берік деген қаржы директорынан "қашан келесің?" десем, күнде өтірік айтады. Алаяқтың алаяғы. Балаларымен ант-су ішкен, ақыр соңы бәрін алдап кетті", - дейді жәбірленуші Ерболат Сұлтанбеков.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935368-satyp-alusylar-elordalyq-avtosalonga-7-mlrd-tengege-aldanganyn-aityp-su-sygardy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.