RU

Елбасыға қатысты дәл болжам жасаған нумеролог халықтың қашан індеттен құтылып, бай болатынын айтты

Құралай Бақытқызы
Құралай Бақытқызы. Фото: exk.kz

Елбасының президенттік қызметтен кететінін алты ай бұрын дәл болжаған нумеролог Құралай Бақытқызы алдағы алты жылда елде қандай өзгерістер болатынын айтты. Сонымен қатар халық індеттен қашан құтылатынын, оның нақты күнін де атады деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Үлкен саяси өзгерістің болатынын, яғни билік пен астананың ауысатынын нумерологқа сандардың орналасуы көрсеткен екен. Бірақ "бұл мүмкін емес" деп, нумерологтың өзі де сенбепті. Десе де, өмір оның екі болжамының рас екенін көрсетіп берген деп жазады басылым. Елбасының орнына Тоқаев президент болып сайланса, Астананың аты Нұр-Сұлтан болып өзгерген.

"Мұндай нәрселерді сандар арқылы көруге болады. Бірақ нумерология адамға бағытталады. Өзім есептеп, мемлекетке, елге болжам жасау тәсілін тауып алғанмын. Алда мұндай деңгейде ауыс-түйіс болмайды. Бізге екі жыл қатарынан 13 саны түсті. Бұл — ауыр сан. Қазір еліміздің жасы енді отызға толады", — дейді Құралай Бақытқызы.

Оның айтуынша, елімізді алдағы уақытта жақсы өзгерістер күтіп тұр.

"2022 жыл жақсы жыл болады. Түркістанның салынуы елімізге туризмнің энергиясының кіруіне мұрындық болды. Туризм, логистика, импорт, экспорт дамиды. Қазақстан үшін өте жақсы жылдар — өсім және танымалдылық әкелетін жылдар Қазақстан тәуелсіздігінің 35-36 жылдарына тұспа-тұс келеді. Демек, 4-5 жылдан кейін халықтың жағдайы жақсарып, байи түседі. Жағдай тұрақталып, экономикалық өсім болады", — дейді Құралай Бақытқызы.

Нумерологтың болжамынша, жарақат қаупі бар жылдар да болуы мүмкін. Бұл уақытта қауіп-қатер, көлік қақтығысы, адамның денсаулығының сыр беруі көптеп кездесетін болады дейді маман.

"29-30 жаста бізге әлі қатер сандары түсіп тұр. Менің талдауым бойынша, бұл келесі жылдың 29 маусымына дейін созылады. Мұны өзім "індет-ау" деп топшылап отырмын", — дейді нумеролог.

Маманның сөзіне сенсек, осы айда әскерилердің айы оңынан тумақ. Шекара және қорғаныс саласында жақсы жаңалықтар көбейеді.

"Жалақылары өсіп, ауыс-түйіс, құрылымдық өзгерістер болуы мүмкін. Бұл –қорғаныс айы. Еліміз қорғанысқа қатты мән беруі тиіс. Арандатушылықтан сақтану ләзім. Мәселен, Қырғызстандағы төңкерістер үнемі осы айда болады. Өйткені, бұл елдің тәуелсіздік күні мен конституция күні дұрыс датаға түспей тұр. Ұдайы тұрақсыздықтың сыры осыда. Біздің үкімет қазан айындағы бір мерекені алып тастады. Онсыз бұл айда көтеріліс көп болушы еді. Қазанда мейрам болмағаны жөн", — дейді Құралай Бақытқызы.

Нумеролог билік адамдары келіп, болжам сұрайтынын ашық айтудан жалтарды.

"Кейбір адамдар келіп, елге қатысты нәрселерді сұрайды. Бірақ олардың қайдан келгенін білмеймін. Сондықтан айта алмаймын", — дейді сандар көріпкелі.

Материал авторы: Шадияр Өстемірұлы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935374-elbasyga-qatysty-dal-bolzam-zasagan-numerolog-xalyqtyn-qasan-indetten-qutylyp-bai-bolatynyn-aitty/