Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құрт асырап, байыған": Шымкенттік жігіт шылаушын өсіріп, миллионер атанып отыр (фото)

Опубликовано:

Құрт
Фото: ЭК / Жансая Тәуекелқызы

Шымкентте 30 жастағы азамат калифорниялық қызыл құрттарды өсіріп, табысқа кенеліп отыр. Бүгінде ауласында 2 миллиондай шылаушын бар. Оның әрбірін 10 теңгеден сатады деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Ерекше кәсіпті табыс көзіне айналдырып отырған Ілияс Икрамов шылаушын өсіруді 2019 жылы қолға алған. 350 дана калифорниялық қызыл құртты сатып алған азамат оны 7 айдай әбден зерттеген.

Ол кезде магистратурада эколог-биолог мамандығы бойынша оқып жүрген Ілиястың кәсібін алғашында қолдағандар табылмаған. Үйіндегілер таңырқап, тіпті "Құрт асырап, байымай-ақ қой, пайда әкелмейді" деп қарсылық танытқан екен. Алайда уақыт өте сатып алушылар тұрақты түрде келе бастаған соң оң қабақ танытыпты.

Ілияс
Фото: ЭК / Жансая Тәуекелқызы

Бүгінде ол шылаушындарды үйінің ауласындағы шамамен 50 шаршы метрдей жерде өсіріп отыр. Жас кәсіпкер құрттардың көбейгені мен сатылғанын үнемі есептеп отырады. Бүгінде ауласындағы шылаушын саны шамамен 2 миллионға жеткен. Ол барлығын ерекше күтіп-баптайды.

"Шылаушын өсіру шығынды қажет етпейді. Таза табыс тауып отырасыз. Олар кез келген органикалық қалдықты жей береді. Мәселен, күнделікті асқа пайдаланатын картоп, сәбіз, қырыққабаттан қалған қалдықтарды өте жақсы жейді. Сонымен қатар қарбыз, қауын, жемістердің де қалдықтары бар. Одан өзге талдан түскен жапырақтарды да қорек етеді.

Көршілерім мал асырайды, соның қиын да әкеп беремін. Ас-ауқатын сатып алып әуре болмайсыз. Оның өзін 3-4 аптада бір рет беремін. 2-3 күнде бір суғарып тұрамын. Олар суды тікелей ішпейді. Топыраққа құясыз, сол ылғалдылықта өз қажеттілігін алып отырады. Ылғалды ортаны жақсы көреді. Бастысы, күн көзі тікелей түспеуі қажет. Әйтпесе өліп қалады",-деді жас кәсіпкер.

Икрамов шылаушынды суғару үшін краннан ағып тұрған суды бірден құймайды. Айтуынша, онда хлордың шамадан тыс мөлшері бар. Сол үшін алдымен суды бөшкелерге құйып, тұндырып алып, кейін суды топыраққа құяды. Бір суғарғанда шамамен 30-40 литр су кетеді. Ал жауын мен қардың еріген суы шылаушын үшін таптырмас тіршілік нәрі.

Кәсіп
Фото: ЭК / Жансая Тәуекелқызы

Ілияс Икрамов шылаушындардың топырақты тыңайтуға оң әсері мол дейді. Себебі қызыл құрттар органикалық қалдықтарды жеп, биогумус, яғни, биологиялық тыңайтқыш жасап береді. Ол - егін шаруашылығында өнімді көбірек алу үшін таптырмас тыңайтқыш. Ілиястың тұрақты клиенттері арасында тыңайтқыштарды сатып алушылар жетерлік.

Тек егістік алқабы емес, гүл өсірушілер де тыңайтылған топырақтың келісін 50 теңгеден сатып алады. Бұдан өзге балық аулаушы әуесқойлар шылаушынның бірнеше жүздеген данасын алып кетеді. Оның әрбірі 10 теңгеден сатылады. Егер клиент бір мезетте 10-20 мың құрт алатын болса, әрбірінің бағасы 5 теңгеден.

Құрт
Фото: ЭК / Жансая Тәуекелқызы

Ілияс осыдан екі жыл бұрын "Жас кәсіпкер" жобасы арқылы мемлекеттен 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Ол қаржыға ауласында жылыжай салыпты. Қызыл құрттар қыс мезгілінде жылыжайды мекен етеді.

Кәсіпкер алдағы уақытта шылаушынды терең зерттеп, шет мемлекеттерде тәжірибе жинағысы келеді. Ал әзірге ондай мүмкіндігі жоқ. Себебі өзі Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде докторантурада оқиды. Әрі тағы бір білім ордасында биолог-эколог болып жұмыс істейді.

"Негізі шылаушынның қоршаған ортаға пайдасы орасан. Органикалық қалдықтарды бізде қоқыс алаңдарында өртеп жатады. Оның түтінінен ауа ластанады. Ал шылаушын оны өзіне қорек етеді, әрі топырақты тыңайтып отырады. Мұны ғаламдық тұрғыда дамыту керек деп ойлаймын",-деді Ілияс Икрамов.

Материал авторы: Жансая Тәуекелқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935406-qurt-asyrap-baiygan-symkenttik-zigit-sylausyn-osirip-millioner-atanyp-otyr-foto/