RU

Нұрлан Нығматулин депутаттар алдына шыққан министрдің таңғаларлық қасиетін атады

Нұрлан Нығматулин
Нұрлан Нығматулин. Фото: ult.kz

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасын талқылау кезінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа шүйлікті деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Арман Қожахметов министрден өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету жайлы сұрады.

"Қаралып отырған заң жобасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ережелерін бекіту құзыретін береді. Алайда заң жобасында мұндай ережелер туралы, басқа да нормалар туралы бір ауыз сөз жоқ. Осыған байланысты өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету үшін ережелерде қандай критерийлер енгізіледі? Осыны түсіндіріп беріңізші", - деді халық қалаулысы.

Оның ойынша, мұндай талаптар мен қағидалар заң жобасында көрініс табуы керек.

Министр Бейбіт Атамқұлов бұл норма отандық кәсіпкерлер өтінішімен енгізілгенін жеткізді.

"Өкінішке қарай, біздің қазақстандық өндірушілерге шикізат тиімсіз белгілі бір формула бойынша беріліп келді... Осылайша елімізде өндірілген өнім импортталған өніммен бәсекелесе алмайтын. Бизнес көп ақша құйып, өз инвестициясы қайтатынына сенді. Бұл мәселе бойынша көптеген жұмыс тобы құрылды. Бізде екі принцип бар: кәсіпорынды металмен толығымен қамтамасыз ету, екіншісі, баға саясаты. Өз кезегінде біз өндірушілерден қарсы міндеттемелер аламыз", - деп жауап беріп жатқан Бейбі Атамқұловтың сөзін мәжіліс төрағасы бөлді.

"Бейбіт Бәкірұлы, сіздің қойылған сұраққа жауап бермей, өзіңіз аз-маз білетін тақырыпта сөйлей беретін таңғаларлық қасиетіңіз бар", - деді Нұрлан Нығматуллин.

Ол әріптесінің басқа сұрақ қойғанын айтып, өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету қағидалары мен ережелері заң жобасында жазылуы керек екенін атап өтті.

"Толығымен келісемін, - деп күлді Атамқұлов. Шынымен де бұл жерде ертең адами фактор рөл ойнауы мүмкін", - деді министр.

Нұрлан Нығматуллин бұны құптап, болашақта шенеуніктер кәсіпорындарға қысым көрсетпеу үшін критерийлер мен принциптерді бекіту қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар мәжіліс спикері "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының да пікірі қажет екенін алға тартты.

Мәжіліс "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді және өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Басты міндет – өнеркәсіптің әлеуетін толық ашу.

Заң жобасы келесі негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталған:

  • ел халқының әл-ауқатын арттыру;
  • қазіргі заманғы өнеркәсіптік инфрақұрылымды құру және дамыту;
  • жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамыту;
  • еңбек өнімділігін арттыру арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • ұлттық экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935668-nurlan-nygmatulin-deputattar-aldyna-syqqan-ministrdin-tangalarlyq-qasietin-atady/