Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Судан мәйіт те шығады: Арық суын ішуге мәжбүр Сарыағаш жұрты жолды жауып тастады (видео)

Опубликовано:

Су
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары жергілікіті атқамінерлердің бір ұңғыманың сүзгісін ауыстырып бере алмай жүргеніне наразы. Салдарынан қараша халық "ағын судың арамдығы жоқ" деп, амалсыздан арықтан келетін тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Осы уақытқа дейін қанша рет жағдайларын айтып шырылдағанымен, ақ жағалылар істі соңына дейін бітіріп бермеген. Шенеуніктердің назарын өздеріне қарату үшін тұрғындар жолды жабуға бел буған деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.

Сарыағаш ауданындағы Ақжар ауылдық округінің әкімдігі алдында суға байланысты жоспарланған жиын өтпей қалды. Салаға жауап беретін аудандық мамандардың тағы да бір уәдесіне тойдық деген жұрт Қазығұрт пен Сарыағаш арасын жалғайтын жолды жауып, талаптарын төтесінен қойды.

Тұрғындардың басты талабы - ауылдағы жалғыз ұңғыманың сүзгісін ауыстырып беру. Соның өзін шенеуніктер созбалаңға салып келе жатқанынан 2 жылдан асыпты. Сүзгісіз тұзды суды ішу мүмкін емес екен. Салдарынан жұрт Өзбекстаннан келетін арықтағы ағын суды тұтынуға мәжбүр. Бірақ, бір аптадан соң ол жақтан келетін тіршілік нәрі тоқтайтын көрінеді.

"Ағын су болсын, егін су болсын басында өліктер жатыр. Мал өліп жатады. Оны шығаратын мамандар да жоқ. Өзіміз қарапайым халық, дихандар барып шығарамыз. Кей кездері адамның да мәйіті келіп қалады. Сол суды ел ішіп жатыр", - деді Ақжар ауылдық округінің тұрғыны Әбдуәлі Сұлтанов.

"Ал мына суды істеген күннің өзінде сатып аламыз. Бұны да бір теңгеден. Соның өзіне бір теңгеден алуға зар болып отырмыз. Ал мұнда кейбіреулер дәрет сындырады, оны өзім көргенмін. Біреулер палас жуады. Бәрін жуады", - деді Ілгербай Төребеков.

Шенеуніктерге сенуден қалдық деген тұрғындармен кездесуге аудан әкімі келді. Оны көрген халық бірден сұрақты қарша боратты. Ал аудан басшысы бір апта көлемінде мәселені шешіп беретін жеткізді.

"Біз шешім қабылданаған кезде заңнан асып кете алмаймыз. Бұл жерде конкурстық процедуралар бар, бюджеттік өтінім деген нәрсе бар. Соған сәйкес жұмыстар істейміз. Сол екі жыл уақытты алды ма? Жоқ, екі жыл уақыт алған жоқ. Бұл екі жылдан бері көтерілген мәселе ретінде білмеймін. Ол өткен жылы көтерілген. Осы жылға қаражатты қарастырып бердік", - деді Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев.

Арықтағы ағын судың 78 пайызы ішуге жарамсыз екенін өткен жылы экологтар дәлелдеп те берген екен. Ал ұңғыма сүзгісіне бар-жоғы 4,5 миллион теңге керек. Тұрғындардың санасы сыймайтыны да осы болып тұр. Яғни, шығын соншалықты қомақты емес.  

Енді 8000-ға жуық халқы бар Ақжар ауылдық округінің тұрғындары әкім берген уәдесін тайқыса, республикалық жолды жабуға дейін барамыз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935869-sudan-maiit-te-sygady-aryq-suyn-isuge-mazbur-saryagas-zurty-narazylyqqa-syqty-video/

pixel