RU

"Ракты жеңген ұлым жігер береді": 29 жасында мектеп директоры болған шымкенттік жігіт жайлы не білеміз

Ғалымжан Алматов ұлдарымен
Ғалымжан Алматов ұлдарымен: Жеке мұрағат

Еңбек жолын математика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, 29 жасында мектеп директоры атанған шымкенттік Ғалымжан Алматов бүгін Түркістан облысындағы лауазымды қызметке тағайындалды. Ол Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Түркістан облысындағы басқармасына жетекшілік етеді. Жастығына қарамастан, жауапкершілігі ауыр жұмыстарды абыроймен атқарып жүрген Ғалымжан KAZ.NUR.KZ сайтына сұхбат беріп, мұғалімдікті неге таңдағанын, білім саласы нендей өзгерістерді қажет ететінін және өміріндегі ең үлкен сынақтың қандай болғанын айтып берді.

«1988 жылы 12 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келдім. 2006 жылы мектепті бітіріп, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетіне, математика мамандығы бойынша оқуға түстім. 2015 жылы отбасын құрып, қазіргі таңда Иманғали, Даниял есімді 2 ұлдың әкесі атанған жайым бар. Осы аралықта қарапайым мұғалімдіктен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін де атқардым. Алайда, мен үшін тағдыр берген ең үлкен қызмет – балаларыма жақсы әке болу деп есептеймін. Білім саласында қызмет ету маңдайыма жазылыпты. Бірақ бұл саланы жайдан-жай таңдаған жоқпын. Мұғалімдікке келуімнің де өзіндік себебі бар», - дейді Ғалымжан Бауыржанұлы.

Ғалымжан 2010 жылы оқу орнын бітірген соң, өзі 11 жыл білім алған алтын ұя мектебінде математика пәнінен сабақ берген. Ал 2013 жылдан бастап Төлеген Тәжібаев атындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі атанады. Ал 2017 жылдан бастап күні бүгінге дейін Шымкенттегі №129 мектепте директорлық қызмет атқарып келді.

«Әрине, біздің қоғамда мектепке директор болу үшін біраз баспалдақтан өту керек, тәжірибесі толысқан, жас ортасына келген жан болуы тиіс деген пікір бар. Ал заң бойынша, жұмыс өтілі бес жылдан асатын, оның ішінде, бір жыл бойы оқу ісінің меңгерушісі болған адам конкурсқа қатыса алады. Директорлыққа өту үшін үш рет конкурсқа қатысып, үшіншісінде бағым жанды. Ал мұғалім болуды бала күнімнен қаладым. Себебі, біз білім алған мектепте мұғалімдердің 80 пайызы әйел адамдар еді. Білім мен тәрбие ұштасқан жерде ер адамның да рөлі маңызды деп ойлаймын. Сондықтан, білім саласындағы ер мұғалімдердің қатарына қосылдым. Директорлық қызметімде қиындық мен қызыққа толы болды. Әсіресе, әйелдер қауымымен жұмыс істеу маған үлкен тәжірибе екені анық», - дейді ол.

Ғалымжанның айтуынша, соңғы жылдары мұғалім мәртебесі нақтыланып, ұстаздардың жалақысы артқан соң, педагогиканы таңдайтын түлектер қатары көбейген.

«Бұрын ҰБТ-дан төмен балл жинаған балалар ғана мұғалімдікті таңдайтын. Соңғы екі жылда «Алтын белгі» иегерлері мен мектепті үздік бітірген түлектердің педагогикаға бет бұрғанын жиі байқадым. Бұл қуанта ма? Әрине, қуантады. Себебі, білім саласына қызығатын жастар көбейді. Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданып, ұстаздардың қағазбастылықтан құтылғаны және жалақының өскені көптеген жастарға стимул болғаны рас. Бүгінде жас мамандар 100 мың теңге көлемінде жалақы алса, тәжірибелі ұстаздардың айлығы 450 мыңға жетіп жығылады. Өз кезегінде бұл елдегі сапалы, білімді мұғалімдердің көбеюіне жол ашатыны сөзсіз», - дейді Ғалымжан.

Бүгінде қарапайым мұғалімдіктен өсіп, лауазымды қызметке тағайындалған Ғалымжан Алматов өзінің білім саласына қажетті ұсыныстарын да жасырмай айтты.

«Мен білім сапасын бақылау департаментіне басшы боп келдім. Мұндағы басты міндетіміз – білім саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, білім беру қызметін лицензиялау, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мониторинг жүргізу және т.б. Өте жауапты қызмет, себебі, білім саласындағы әрбір түйткілді жайт біз үшін маңызды. Осы орайда, біраз тәжірибе жинақаған маман ретінде ұсыныстарым да жоқ емес. Мысалы, білім саласындағы қаржылық бақылауды ашық жүргізу, ақшаның қайда жұмсалатынын нақты көрсету, мектептерге эмоциялық интеллект енгізу, ҰБТ-дан SAT тестіне өту сынды өзгерістерді қолға алу керек деп есептеймін», - дейді ол.

Сөз соңында Ғалымжан өміріндегі ең үлкен сынақты отбасымен бірге қалай жеңіп шыққанын да жасырмай айтты.

«Өмірде Алланың берген сыйымен қатар, сынағы да өте көп болуда. Үлкен ұлым ауыр дертке шалдығып, соңғы үш жыл бойы ауруханада өмір үшін күресті. Сабыр түбі-сары алтын демекші, кез-келген сынақтың артында қуанышы бар. Міне, өткен айда ұлым дертін жеңіп, аман-есен үйге оралып, сонымен қатар, қызметтік жолымда біршама өзгерістер болып жатыр. Жауапты қызметте отырған соң барлық жұмыста тастап кете алмай, ауруханада қасында бірге бола алмағандығым үшін іштей өзімді кінәлаған кездерім де болды. Ең басты мотивациям - отбасым! Иманғали ұлыма қарап, өмірде қандай қиыншылықтар мен ауыртпашылықтар болса да, еш тайсалмастан күресу керектігін ұғамын! Екі ұлым - екі қанатым, обасым аман болса, жүрегім тыныш болса, әлі де елімізде білім саласының дамуына өзімнің біршама үлесімді қосқым келеді», - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935902-auyr-dertti-zengen-ulym-ziger-beredi-29-zasynda-mektep-direktory-bolgan-symkenttik-zigit-zaily-ne-bilemiz/