RU

Көздің жауын алатын қоқиқаздар Ақтау маңындағы көлге ұшып келді

Қоқиқаздар
Фото: Facebook/Азамат Сарсенбаев

Ақтаудың жанындағы Қаракөлге қоқиқаздар ұшып келді. Құстар мұнда сәл аялдап, әрі қарай оңтүстікке бет алады. Көлдегі әдемі көріністі белгілі блогер Азамат Сәрсенбаев түсіріп алған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл жыл сайын қайталанатын көрініске айналған. Көздің жауын алатын құстар тобын әдемі кадрлары арқылы көпшілікке ұсынған маңғыстаулық блогер бұл маңды орнитологтардың нағыз арманы деп атады.

Қоқиқаздар
Фото: Facebook/Азамат Сарсенбаев

Қоқиқаздар Ақтау қаласына жақын жердегі қолдан жасалған Қаракөлде күн суытқанша мекен етеді. Мамандардың айтуынша, жыл құстары қараша айының ортасында Түркіменстан немесе Иранға қыстау үшін ұшып кетеді.

Құстар
Фото: Facebook/Азамат Сарсенбаев

Орнитологтар бұл маңда құстарға жем көп екенін алға тартады, күз сайын Қаракөлге 80-ге жуық құс келіп тоқтайтыны анықталған. Олар мұнда ұзақ жолдан шаршағанын басып, дамылдайды. Қанаттылардың көпшілігі Қызыл кітапқа енген.

Қоқиқаздар
Фото: Facebook/Азамат Сарсенбаев

Қоқиқаздарды фото-видеоға түсірген блогер өз әрекеті үшін орман шаруашылығы комитетінің басшыларынан тағы да сөз естігенін жазды. Блогердің сөзінше, комитет оған айыппұл салмақ.

Азамат Сәрсенбаев Қаракөл көлінің үстінен құстарды дыбысы естілмейтін, алақандай дронмен түсіретінін, сол арқылы маңғыстаулық аң-құстарды мейлінше жақыннан, білдіртпей түсіріп жүргенін атап өтті.

Блогердің дронмен түсірген фотоларына көпшілік жоғары баға беруде.

"Неткен әдемілік", "Керемет фото" "Әдемі кадрлар үшін рахмет", - деп жазды желі қолданушылары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1935989-kozdin-zauyn-alatyn-qoqiqazdar-aqtau-manyndagy-kolge-usyp-keldi/