"Артында екі баласы қалды": Қарағандыда арқанмен секіріп көз жұмған әйел туралы белгілі болды
Жарияланған күні:
Қарағандыда биіктіктен секіру кезінде ауыр жарақаттанып, қайтыс болған әйел бұл іспен тұрақты түрде айналысып келген. Роупджампинг оның хоббиі болған. Telegram-дағы patriot_patriot арнасы қайғылы оқиғадан бұрын түсірілген марқұмның арқанмен секірген видеоларын жариялады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Арқанмен секіріп, ажал құшқан қарағандылық әйелдің есімі - Евгения. Дереккөздің мәліметіне сенсек, ол арқанмен бірінші рет секіріп тұрған жоқ. Биіктен төмен қарай құлдилау сүйікті ісі болыпты.
"Кеше Қарағандыда қайтыс болған әйел Шахтинск тұрғыны, жасы 33-те. Аты - Евгения. Созвездие қонақ үйінің шатырынан жерге дейінгі арақашықтық - 30 метр. Ол биіктен бірінші рет секіріп тұрған жоқ. Ғимараттардың төбесінен секіру оның хоббиі болған. Ол қала сыртындағы бос, қараусыз қалған ескі үйлердің төбесіне секіру үшін арнайы барып тұрған", - дейді Telegram арна.
Сондай-ақ, марқұмның артынан екі баласы қалғаны белгілі болды.
"Екі бала жетім қалды. Күйеуі жалғыз қалды. Оның үстіне отбасы анасы қайтыс болған туыстарының баласын да асырап алған еді. Евгения ойланбастан ұл баланы өз тәрбиесіне алған болатын", - делінген patriot_parriot арнасындағы жазбада.
Айта кетейік, қайғылы жағдай "Созвездие" қонақ үйінің аумағында болған. Аттракцион мейманхананың шатырында орнатылған. 33 жастағы әйел 25 метр биіктіктен секіріп, жердегі бетон конструкцияға соғылған. Ол өте ауыр жағдайда шұғыл ауруханаға жеткізіліп, отадан кейін көз жұмды.
Қарағандылық полицейлер "тарзанкадан" секірген әйелдің өліміне қатысты тергеуді бастады.
Қылмыстық кодекстің 306-бабының 1-бөлігі "Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция басқармасы жағдайдың егжей-тегжейі зерттеліп, анықталып жатқанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936407-artynda-eki-balasy-qaldy-qaragandyda-arqanmen-sekirip-koz-zumgan-aiel-turaly-belgili-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.