Мәжіліс депутаты мектептегі жаңа талаптарға байланысты дабыл қақты
Жарияланған күні:
Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі мектептерде енгізілген санитарлық талап бала денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Sputnik Қазақстан агенттігінің жазуынша, Депутат биыл оқушылар дәстүрлі оқу форматына ауысқанын, соған байланысты мектепте санитарлық талаптар күшейгенін еске салды.
"Бір класс – бір кабинет" жүйесі енгізілгендіктен оқушылар барлық пәнді бір кабинеттен шықпай оқитынын жеткізді.
"Бұл принцип балалардың мектепке кіргеннен шыққанға дейін бір бөлмеде отыруын көздейді. Демек, үзіліс кезінде де олардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Мұндай талап олардың денсаулығына кері әсерін тигізбей ме? Балалар далаға шықпайды, бұрынғыдай ойнамайды, яғни қозғалмайды", - деп сұрады ол үкімет сағатында денсаулық сақтау министрінен.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бұл талап арқылы оқу процесін қауіпсіз ету көзделгенін атап өтті.
"Өкінішке орай мұндай форматта оқуға мәжбүрміз. Өйткені онлайн оқу мен "бір класс – бір кабинет" форматы арасында таңдау жасадық. Шектеу шараларының талаптары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алынды. Ұйымның оқу процесін ұйымдастыру туралы нақты талаптары бар. Және біз оны ұстанамыз", - деді Цой.
Оның айтуынша, кабинеттен шықпау талабы бүгінде толықтай орындалып отырған жоқ.
"Балаларды ұстап отыру оңай емес, олар дәлізге шығады. Сыныптардың өзара араласпауын қадағалауға тырысамыз. Үлкен үзілістердің өзі көп адамның шоғырлануын болдырмау үшін интервалмен жасалады", - деді ол.
Сонымен қатар, министр баланың физикалық дамуына нұқсан келмеуі үшін мектепте дене жаттығуларын жасауға кеңес берілгенін айтты. Кабинеттерді желдету, кварцтау жүзеге асырылады.
"Қазіргі кезде рециркулятор деп аталатын ауаны тазартатын құрылғылар қойылып жатыр. Ол балалар сыныпта болмаған кезде ауаны тазартады. Елорданың біраз мектебіне мұндай құрылғыны орнаттық", - деді Алексей Цой.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936472-mazilis-deputaty-mekteptegi-zana-talaptarga-bailanysty-dabyl-qaqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.