"Маман тапшылығы туындайды": Кәсіпкерлер ДСМ-нің жаңа қаулысына наразылық білдіруде
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық ережелерге енгізген өзгерістеріне кәсіпкерлер наразылық білдіруде. Жаңа қаулыға сәйкес, келесі аптадан бастап қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмеуі тиіс деп хабарлайды КТК арнасы.
17 қазанда күшіне енетін жаңа қаулыға сәйкес, қызмет көрсету саласында вакцина алмаған қызметкерлер анықталса, жұмыс берушіге 700 мың көлемінде айыппұл салынады. Пандемияда онсыз да "пайдадан қағылдық" деген бизнес өкілдері қарамағымыздағы жұмысшыларды екпе салдыруға міндеттей алмаймыз деп отыр.
"Еңбек кодексіне сәйкес, жұмысшыларымды вакина салдыруға міндеттей алмаймын. Тек ұсыныс жасап, түсіндіру жұмысын жүргіземін. Қызметкерлерімнің бірі келеді, бірі кетеді. Сынақта жүргендері болады. Вакцина салдырмағандарды жұмыстан шығара берсек, маман тапшылығы туындауы мүмкін. Тұрғындардың екпе салдыру-салдырмауымен басқа органдар айналысуы тиіс", - дейді Сұлулық индустриясы қауымдастығының президенті Тұрсын Махмұтжан.
Ресторатор Гүлбану Майғарина да жаңа талапты "ақылға қонымсыз" деп санайды. Ол қиын-қыстау кезеңде мемлекет орта және шағын бизнесті қанаудың орнына қолдау көрсету керек деп отыр.
"Сауда азайып жатыр. Адамдар бұрыңғыдай мейрамханаға бармайды. Бұрыңғыдай пайда жоқ. Бағаны да көтере алмаймыз. Бизнес күннен-күнге қиындап барады. Шектеу қойып біздің жұмысымызды одан сайын ауырлатып жатыр. Үкіметтің бізге көмек беретін шамасы жоқ. Бізге тиіспесін. Өз-өзімізбен жұмыс істеуге мүмкіндік берсін", - дейді мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жаңа қаулы жұртты вакциналау қарқынын арттыруға септігін тигізетініне сенімді. Алексей Цой індет өршіп тұрған шақта бизнес тәртіпке бағынуы тиіс дейді.
Алайда кәсіпкерлер өз қызметкерлеріміз үшін жауапкершілік арқалай алмаймыз деп отыр. Сондықтан олар жауапты ведомство басшысы қаулыны қайта қарап, "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын" әділеттті шешім шығарады деген үмітте.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936860-maman-tapsylygy-tuyndauy-mumkin-kasipkerler-dsm-nyn-zana-qaulysyna-narazylyq-bildirude/