"Осындай жағдайда өмір сүріп отырмыз": Алматыдағы ықшамаудан тұрғындары ауыз суға жарымай отыр
Жарияланған күні:
Алматы қаласына қарасты Тастыбұлақ ықшамауданының тұрғындары ауыз суға жарымай отырғанын айтып дабыл қақты. Олар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан көмек күтуде. Қазіргі таңда тастыбұлақтықтар ауыз су ретінде тау суын қолданып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Тұрғындардың айтуынша, мұз қатқанда таудан келетін су тоқтап, жұрт көктемге дейін тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр болады екен. Ал былтыр көше бойын қазып құбыр тартылғанымен, жұмыс сол күйі тоқтап қалыпты. Енді су өз алдына, аялдамаға жету де мұңға айналған. Тұрғындардың ішіп отырған суы таудан келеді. Мұндай суды олар ыдыстарға құйып алып қолданып отыр.
Тау суын пайдаланатын Тастыбұлақ шағынауданы тұрғындарына ыдыс біткенді суға толтырып қою күнделікті әдетіне айналған. Өйткені, жаңбыр жауса лайланып шыға келетін тау суын ішпек түгілі, жуыну мүмкін емес. Тұрғындар көктемге дейін су тасып ішуге мәжбүр.
"Мынанша халық, әне, кішкентай балалар бар. Қазақстанның болашағы осылар. Қазір немен тамақтанады? Анау ішіп отырған суы анау, суғаратын су. Содан кейін қарашадан бастап көлікпен тасимыз. Осындай жағдайда өмір сүріп жатырмыз", - дейді Тастыбұлақтың тұрғыны Мұхаммед Рахимов.
Тастыбұлақтағы 50-ден астам баубақша бірлестігі бірнеше жыл бұрын Наурызбай ауданы құрылғанда қаланың құрамына енген. Сол кезде орталық су жүйесінен дәмеленген тұрғындар былтыр көше-көшені қазып, құбыр жүргізгенде қатты қуандық деп отыр.
Алайда негізгі көшелермен ғана өткен құбырдан содан бері бір тамшы су тамбаған. Ал ойдым-ойдым көшелер сол күйі жөнделмепті. Оқушылар саз балшықтан сабаққа қатынауға қиналса, көпшілікке аялдамаға жету мұңға айналған.
Тіпті, жол азабын сылтау еткен қоқыс тасушылар бұл маңға сирек келеді екен. Тағы бір тұрғын Иса Әбдіхалықовтың айтуынша, өрт сөндірушілер де мұнда бір-екі сағатта әзер жетеді.
"Жол жөнделмегеннен кейін жүре алмайды. Жай жүреді. Бір келеді де, мынадай жағдай кейін бас тартады", - дейді ол.
Су мен жол азабын тартқан халық биліктен жол жөндеп беруді талап етіп отыр.
"Жол жөндеп беріңіздер. Су өткізіп беріңіздер. Өз қалталарыңыздан істемейсіздер ғой. Үкімет бізге ақша бөліп жатыр. Теледидардан бірнеше миллион ақша суға бөлдік деп айтқанда керемет. Талай уәде берді. Орындаңыздар. Өтінеміз", - дейді Нұрсұлу Пірімбетова.
Ал жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, облыс аумағынан қосылған 8 ықшамауданда қазір су және кәріз құбырын жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Оның бесеуінде құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Ал қалған үш шағынаудан мәселесі келер жылы шешіледі деген мамандар толық сумен қамтамасыз етуді назарда ұстаймыз дейді.
"Кіші көшелерге жоспар бойынша қарастырылмаған. Бірақ халықтың өз күші бар, Алматысу мекемесінің күші бар, қалып қалған 5-10 секілді жерлерге қосымша қосу жұмыстары жүргізілуде", - деді Наурызбай ауданы қоммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.
Шенеуніктер бұдан бөлек, сиқы кеткен көшелерді қыс түскенше жөндеп үлгереміз деп сендірді.
Десе де су сұраймыз деп, кіріп-шығатын көшесінен айырылған тұрғындар ештеңеге иланғысы жоқ. Өйткені уәдені үйіп-төккен шенеуніктер жеме-жемге келгенде бір-біріне сілтеп құтылатын көрінеді.
Енді тіршілігі тұралаған тұрғындар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтан көмек күтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936892-osyndai-zagdaida-omir-surip-otyrmyz-almatydagy-yqsamaudan-turgyndary-auyz-suga-zarymai-otyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.