RU

"Мектепте соққыға жығылған": Түркістанда 5 сынып оқушысы көз жұмды

Оқушының әжесі
Кадр: КТК арнасы

Түркістанда 5 сынып оқушысы қайтыс болды. Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан, деп хабарлайды КТК арнасы.

Марқұмның жақындарының сөзіне сенсек, өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын ол сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.

"Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде бұл да кіріп ұрған. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді... Бүйрегі де ісіп кеткен... Әлгі бала "мен осы сыныптың атаманымын" деп жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Ақша беру керек екен, атаманға. Әлімжеттік боп тұр ғой", - деп күйінді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.

Мектеп директоры болса, әлімжеттік болғанын жоққа шығарып отыр. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқтығын алға тартты.

"Соққы жеді деген болған жоқ. Ата-аналармен де жұмыс жасалынды. Бізге сынып жетекшісін ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. "Баламыздың жағдайына қорқамыз" деген әңгіме айтылған жоқ", - дейді мектеп директоры.

Телеарна мәліметінше, мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқтығын айтқан. Десе де бұл іске қазір полиция араласып жатыр.

"Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қортындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады", - дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Құрсақта жатқанда әкесіз қалған оқушыны әжесі бауырына басып өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айырылған әжесі құзырлы орындардың барлығына шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап қойып отыр.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1936998-mektepte-soqqyga-zygylgan-turkistanda-5-synyp-oqusysy-koz-zumdy/