RU

"Бұл не бассыздық": Журналист айлығы аз көлік жүргізушісіне 58 мың теңге айыппұл салған жүйені сынады

Сергек
Фото: Facebook/Абай Балажан

Белгілі журналист Абай Балажан "Сергек" жүйесі арқылы жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұлдың мөлшерін тым жоғары деп санайды. Ол жалақысы жан бағуға жетпей жатқан жүргізушілердің айыппұл төлеуге шамасы келмейтінін айтып желіде жазба қалдырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Абай Балажан Сауран ауданынан Түркістанға шыға берісте "Сергек" камерасын байқамай жылдамдықты асырған жүргізушісінің 58 мың теңге айыппұл арқалағанын жеткізді.

Журналист көлікті айдаған жігіттің айыппұл төлеуден жалтармайтынын, алайда оның мөлшері жалақысына сай емес екенін алға тартады.

""Сергек" камерасын байқамай қалып, Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолы бойында жылдамдықты асырып жіберіпті. Бүгін 29 мың теңге айыппұл келді. Осы жұмаға дейін төлеп қоймаса, айыппұл көлемі 58 мың теңгеге өседі екен!

Әрине, айыппұлды мекеме емес, тәртіп бұзған жүргізушінің өзі төлейді. Алайда, айтпағым басқа. Жүргізушінің қолына алатын жалақысы 100 мыңға жетпейді, 90 мың теңгенің төңірегінде. Мектеп жасына толмаған үш баласы бар. Келін жұмыс істемейді, баламен отыр. Үш балаға күнделікті сүттің өзіне қанша кететінін білесіздер.

Жалғыз менің жүргізушім емес, көптеген жүргізушілердің жалақысы осы төңіректе. Не бұдан сәл көп алады, не сәл аз алады. Менің түсінбейтінім, мынадай айыппұл көлемін қай данышпан ойлап тапқан?", - дейді Абай Балажан.

Журналист еліміздегі жалақысы 90 мыңға жетер-жетпес адамдарға 58 мың теңге айыппұл салуды бассыздық деп атады.

"Жұмаға дейін оның жалақысы қолына тимейді. Сонда 90 мың теңге жалақы алатын жүргізуші 58 мың теңгесін айыппұлға төлесе, ана үш сәбидің ас-ауқаты не болады? Жарайды, 7-8 мың теңге айыппұл сал, соның өзі 90 мың теңге алатын жүргізушілердің қалтасына аз салмақ болмайды. Мерзімі өтіп кетсе, 10-15 мың теңгеге өсір, одан артығы артық қой, енді...

Соншалықты қатал жаза көретіндей жылдамдықты асырған жүргізушілер біздің өкіметтің көзіне шеттерінен экстремист сияқты болып көрінеді ме? Бұл не бассыздық? Кез келген жазаның логикасы болмайтын ба еді? Жынды біреу болмаса ешкім жол тәртібін әдейілеп бұзбайды.

"Үлкен жүк көлігінің сол жағынан озғанымда оң жақтағы "Сергекті" ескертетін белгіні байқамай қалыппын. "Сергекке" түсіп қалғанымды кеш сездім. Жаман болдым" дейді жүргізуші бала.

Мәселен, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізгенде ақ жағалы ағайындар да біліп-білмей тәртіп бұзып жатады. Бірақ соларға келіп тұрған айыппұлды көргендеріңіз бар ма?"- деп сұрады ол қалың жұртшылықтан.

Айта кетейік, белгіленген жылдамдықты асыру жүргізушілер арасында ең жиі кездесетін тәртіп бұзушылық.

Жылдамдықты асырған жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 592 бабына сәйкес жазаланады, онда жылдамдықты қаншалықты асырғаны ескеріледі. 10км/сағ-қа дейінгі жылдамдықты асыру жүйеде тіркелмейді.

Ал жүру жылдамдығын 10-20 км/сағ-қа асыруға заң бойынша 5 АЕК немесе биыл 14 585 теңге, 20-40 км/сағ-қа асыруға - 10 АЕК немесе 29170 теңге, 40 км/сағ-қа немесе одан да жоғары жылдамдыққа асыруға - 58340 теңге айыппұл қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937057-bul-ne-bassyzdyq-zurnalist-ailygy-az-kolik-zurgizusisine-58-myn-tenge-aiyppul-salgan-zuieni-synady/