Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда заңсыз пайда тапқан шенеуніктердің табысы тексерілетін болады

Опубликовано:

Агенттік өкілі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі. Кадр: "Хабар 24"

Қазақстанда азаматтардың заңсыз пайда тапқаны бірізді мәліметтер жүйесінен айқын көрінетін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті заңға бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы агенттік төрағасының шетелдік елшілерімен өткен басқосуында айтылды деп хабарлайды Хабар 24.

Егер заң бекітілсе, мұндай бақылау жүйесі 2026 жылға дейін толық іске қосылмақ. Аталмыш жүйе арқылы шенеуніктер және оларға теңестірілген азаматтардың табысы мен шығыны толық бақыланады.

Қаржылық шығын шенеуніктің декларацияланған табыс көлемінен күрт артса, мол пайданың қайдан келгенін айтуға тиіс. Оның заңсыз жолмен тапқаны анықталса, онда шенеунікке мансаптық санкция салынады. Яғни, үш жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілуі мүмкін.

"Егер мемлекеттік қызметші салық органдарына тиісті құжаттарын көрсетіп, кірістерінің заңды екенін дәлелдей алса, онда ешқандай сұрақтар туындамайды. Ал егер дәлелдей алмаса, егер де қандай да бір құжаттары болмаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Асып кеткен сомасының 90 пайызы бюджетке аударылады", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, жемқорлық туралы хабарлаған адамдар қорғауға алынбақ. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілетін өзгерістің тағы бір парасы.

Біріншіден, жемқорлыққа қатысты қылмыс жөнінде жеткізген жанның жеке тұлғасы құпия сақталуы тиіс.

Екіншіден, мұндай деректі хабарлаған адам басшылық тарапынан қысымға ұшырауы бек мүмкін. Алда-жалда қызметкер жұмыстан қуылар болса, онда не себепті шығарылатынын ұжымдық орган отырыста дәлелдейді. Оған міндетті түрде агенттік өкілі шақырылады.

"Біздің өкіліміз осы ұжымдық органның қабылдаған шешімі заңды әрі объективті болуын қадағалайды. Егер де қандай да бір заңбұзушылық немесе қысым көрсету фактілері болса, еңбек инспекциясына, прокуратураға жүгінеміз. Және осы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамды қорғауға тырысамыз", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Жалпы, заңсыз әрекетті хабарлайтын жандарға сыйақы мөлшерін ұлғайту қарастырылған. Оның көлемі параның белгілі бір пайыздық мөлшерін құрайтын болады. Яғни, Қазақстанда бұл сомма 11 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 30 млн теңге бөлінген екен.

Жыл басынан бері 20 адам ынталандыру сыйақысын алған. Заң қабылданса, хабарлаушы жандардың қатары да артады. Елшілермен кездесуде агенттік төрағасы Марат Ахметжанов осыған үмітті екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937220-qazaqstanda-zansyz-paida-tapqan-seneunikterdin-tabysy-tekseriletin-bolady/

pixel