Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорқып өлетін болдық": Тараз маңында бір күнде 400 келі оқ-дәрі жойылды

Опубликовано:

Жарылыс
Жамбыл облысында болған алғашқы жарылыс. Кадр: Instagram / tarazlive.kz

Жамбыл облысында жарылыс болған әскери бөлімдегі оқ-дәрілерді жою жұмыстары басталды. Енді Байзақ ауданында бір ай бойы дүмпу болады. Қазір қоймадағы қауіпті қалдықтарды шалғайға апарып жарып жатыр деп хабарлайды Хабар 24.

Әскери қоймадан шығарылған жарылғыш заттардың қалдықтары қазір қолдан жарылады. Ол үшін таудың ішінде қоймадан 12 шақырымдай жерде арнайы жер белгіленген. Қоймадан бір күнде 400 келідей оқ-дәрі шығарылып жойылған. Әскерилер қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда деп сендіріп отыр. Тұрғындарға жарылыс болатыны жөнінде ескерттік дейді. Алайда әскери бөлімге тиіп тұрған Қайнар ауылының тұрғындары дүмпуден әбден мезі болған.

"Ататынын атып, жаратындарын жарып тезірек бітсе екен. Қорқып-қорқып өлетін болдық,  шыны керек. Мезі қылды, әбден шаршап кеттік. Осы соңғысы болса екен, бұдан кейін бұлай болмасын",- дейді Қайнар ауылының тұрғыны Гүлзира Жамбылова.

"Айтпай жарылғаннан күтіп отырған жарылыс дұрыс екен. Аймақтағы жарылыстың барлығын алып кетіп, елде тыныш өмір болса екен",- дейді тағы бір тұрғын Ғазиз Жартыбаев.

Әскерилер тәулігіне 500 келіден артық жарылғыш зат жармаймыз деп отыр. Одан асса, төңіректегі елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін.

"Күніне 3-4 жарылыстан жүргізіледі. Ол жергілікті әкімдікпен келісілген. 400 келіні бүгін бірден жарған жоқпыз. Оны бөліп-бөліп жарамыз. Мен күндік норманы айтып отырмын. Бүгінге бір жарылыс қалды. Сонымен болды. Ертең жалғастырамыз",- дейді әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов.

Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл тұрғындар алдағы жарылыстардан хабардар екенін тілге тиек етті.

"Төңіректе жақын орналасқан шаруа қожалықтарға және елді мекендерге, бәріне хабарланды. Жалпы болған жарылыстар ешқандай фермерлік шаруаларға, олардың ғимараттарына, ауылдарға ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ",- деді ол.

Жару жұмыстарына инженерлік-саперлік мамандардан 20 шақты адам жұмылдырылған. Қазір тек жарылған қоймадағы қалдықты заттар ғана жойылып жатыр. Өзгелеріне тимейміз дейді әскери бөлім командирі. Қоймада қанша жарылғыш зат қалғаны белгісіз. Әскерилер енді мұнда мүлдем жарылыс болмайды деп те сенімді айта алмай отыр. Ал жоспарлы жару жұмыстары дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жүргізіледі. Бұл жұмыстар 13 қарашаға дейін жалғаспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937223-qorqyp-oletin-boldyq-baizaq-audanynda-bir-ai-boiy-dumpu-bolady/