Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістанда алма теріп жүрген жас жігіт тоққа түсіп мерт болды

Опубликовано:

Алма талы
Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысы Жоғарғы Қасқасу ауылындағы қара жамылған отбасы қайғылы жағдайға бау-бақша арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп дейді. Күні кеше ғана құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет енді аяқ астынан қайғыға душар болып қалды деп хабарлайды Хабар 24.

Үлкен ұлының тойына дайындалып жатқан Керімжан Сегізбаев кенеттен екінші баласының жаназасын шығаруға мәжбүр болды. Қайтыс болған ұлы алма теремін деп бау-бақшаның үстінен өткен жоғары кернеулі тоққа түсіп қалған. Бір сұмдықтың боларын іші сезгендей, жүрегі қан жылаған әке электр сымының төмен орналасқанын айтып, бірнеше мәрте мәселе көтерген екен.

"Қаншама жерге шағым жаздық. Ауданның әкіміне де бардық. "Nur Otan" филиалына да бардық. Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айырылып отырмын бүгін, өздеріңіз куәсіздер. Енді бұдан кейін не істеуге болатынын білмеймін. Құртыңыздар, болмаса мен аралап тастаймын", – деді марқұмның әкесі Керімжан Сегізбаев.

Марқұм болған Азамат Тоғызалы небәрі 21 жаста еді. Қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқитын ол келер жылы үйленемін деп жүрген екен.

Куәгерлердің айтуынша, Азамат ауылдасымен бірге алма термек болған. Темір сатыны әкеле жатқанда онысы жоғары кернеулі тоққа тиіп кеткен. Абырой болғанда, сатының екінші басын ұстап келе жатқан жігіт аман қалыпты.

"Сызықты көріп тұрсыздар, төрт-ақ метр. Төмен жерде орналасқан. Бойымен 10 мың вольт тоқ жүріп тұр. Не болса да өртеп жібереді. Менің балам да шок болды. Ол да енді көргенін айтып жатыр. Оны да ұшырып жіберген, қайта жерге сатының түбі тиіп, бала аман қалды. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік", – деді Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны Жұмағали Есмұрзаев.

Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін үш сағаттай жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмаған. Ал әбден тозған бағаналар таулы ауданның желіне шыдас бермей қисайып қалған. Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармады. Десе де жағдайдың ушығуына тұрғындардың өзі де кінәлі деп отыр.

Ал облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандары бұл жоғары кернеулі электр желілері жеке компанияға тиесілі екенін айтады. Сондай-ақ, мұндай жоғары қуатты электр желісіне жақын маңдағы жер телімін пайдалануға болмайды. Сондықтан жер тұрғындарға заңсыз үлестірілген деп отыр.

"Жер телімі берілген кезде заңсыздықтар орын алған деп ойлаймыз. Өйткені, 1-де 20 кВтэлектр желінің қорғау аймағы кемінде 10 метр болуы керек еді. Қазір тура желілердің жанында алма бағы орналасқан. Нақты кімнің электр желісі екенін құзырлы органдар анықтай жатар. Егер оған мініп-түсу мүмкіндігі болмаса, олар міндетті түрде ауыстырылады", – деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы электр қуатымен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Роза Сариева.

Алайда жергілікті билік келер жылы қора жайларға кіріп тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар дейді. Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937253-turkistanda-alma-terip-zurgen-zas-zigit-toqqa-tusip-mert-boldy/

pixel