RU

"Қайтадан соңыма түседі": 7 жыл бұрын өлімнен аман қалған бизнесмен өз өмірі үшін араша сұрап, дабыл қақты

Олжас Мұқажанов
Олжас Мұқажанов: жеке мұрағат

Олжас Мұқажанов еліміздегі табысты бизнесмендердің бірі болатын. Ауыр шаруашылығы саласында ісі алға басып келе жатқан ол күтпеген жерден қаскөйлердің құрбанына айнала жазды. 2014 жылы елордаға ұшып келіп, әріптесімен бірге сауда орталығынан шығып келе жатқан оған белгісіз адамдар шабуыл жасап, басынан үш рет оқ атқан. Қуанышқа қарай, Олжас ажалдан аман қалады. Кейін жалдамалы қаскөйлер сотталғанымен, тапсырыс беруші адам ұсталған жоқ. Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскердің ұсталмауы және жеті жыл бұрынғы істің қайта қаралып жатқаны Олжас пен оның туыстарын алаңдатып отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Бұл ауыр жағдай 2014 жылы болды. Белгісіз қаскөйлер мен әуежайдан түскеннен бастап «Керуен» орталығынан шыққанға дейін аңдыған. Кейін көлікке жақындап қалғанда қасымдағы әріптесім екеумізге оқ жаудыра бастады. Маған үш оқ тиді. Оқтың бәрі де басыма бағытталғанына қарап, мені оқиға орнына өлтіргісі келгені анық. Алайда, мен ажалдан аман қалдым. Осыдан соң бұл оқиғаға қатысты тергеу басталып, қаскөйлер ұсталды. Судья Ербол Рахымбековтің үкімімен үш күдікті сотталып кетті.

Бүгінге дейін мені өлтіруге тапсырыс берген адам, бала күннен бергі досым Ерлан Анарбектің әлі күнге дейін бостандықта жүргені қатты алаңдатып келген. Өйткені, ол шетелге қашып кетті, халықаралық іздеу жарияланса да, ұсталған жоқ. Енді 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап прокурор Д. Есебаевтың сұрауымен іс қайта қаралмақшы. Яғни, бұған дейін аталған іс «Қасақана адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қаралған. Енді прокурордың сұрауымен бұл бапты «Бұзақылық» деп өзгертпекші. Егер осылай өзгеретін болса, мені өлтіруге тапсырыс берген адам алаңсыз елге оралып, менің өміріме одан әрі қауіп төндіруі мүмкін», - дейді бұрынғы бизнесмен.

Олжас Мұқажанов пен оны өлтіруге тапсырыс берген адамның арасында қандай да бір ортақ бизнес болмаған.

«Біздің ортақ ісіміз болған жоқ. Алайда, екеуміздің есепшіміз бір адам еді. Бірақ ол менің бизнесімді рейдерлік жолмен тартып алуды көздеп, сол үшін мені өлтіруге бел буды. Өйткені, маған ірі көлемде ақша түсетінін білетін, соған орай көзімді құртуға тырысты. Көретін жарығым бар шығар, мен аман қалдым. Бірақ осы жеті жылдың ішінде денсаулығым қатты қинады.
Үш рет оқ тиген адамның денсаулығы қандай болуы мүмкін? Әлі ауырамын, он екі айдың тең жартысын емделумен өткіземін. Әсіресе, климат ауысқанда басымның қалай қақсайтынын білсеңіз... Осыған дейінгі жинаған қаражатым емге кетіп жатыр, қазір ешқайда жұмыс істеймеймін. Бизнесім тоқтады. Осы оқиғадан қатты қорыққан әйелім де тастап кетіп, отбасым ойран болды. Ата-анам мен туыстарым қарайласып тұрады. Бәрінен де басымның ауыратыны қатты мазалайды», - дейді Олжас.

Бір ажалдан аман қалған Олжас Мұқажанов істі қайта қарап, өзгеріс енгізетін болса, өмірінің қайтадан қыл үстіне шығатынын айтады.

2015 жылы істі қараған судья Ербол Рахымбеков
2015 жылы істі қараған судья Ербол Рахымбеков: Ақ жайық

«Ол кісінің таныстары көп, байланысы көп. Әйтпесе, жабылып кеткен іс жеті жылдан кейін қайта қарала ма? Менің түсінуімше, істі қайта қарауға Васильев деген маманның түсініктемесі себеп болыпты. Оның айтуынша, травматикалық қарумен 1 жарым метрден атқан оқ адам өліміне әкелмейді екен. Яғни, оқ менің басыма тисе де, тікелей басыма бағытталса да, өлуім екіталай болған екен. Оған дейінгі сараптама қорытындысы оқтың бір метр жерден атылғанын және адам өміріне өте қауіпті екенін дәлелдеді.

Мұның бәрін қойыңызшы, тал түсте адамға дәл осылай қастандық жасауға кімнің құқы бар? Яғни, менің аман қалғанымды тілге тиек етіп, істі қайта қарамақшы. Осы орайда, барлық құзыретті органдардан көмек сұраймын. Елдегі ең бағалы нәрсе – адамның өмірі ғой. Мен өміріме қатты алаңдаймын. Егер іс қайта қаралып, «Бұзақылық» бабына өзгертілетін болса, тапсырыс беруші Ерлан Анарбек елге оралады. Оның қайтадан менің артымнан түсетіні анық», - дейді Олжас Мұқажанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937314-qaitadan-sonyma-tusedi-zeti-zyl-buryn-olimnen-aman-qalgan-biznesmen-oz-omiri-usin-arasa-surap-dabyl-qaqty/