RU

Алматы облысында қыруар қаражатқа салынған екі амбулатория қирағалы тұр

Видеодан кадр
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Алматы облысы Талғар ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған екі амбулатория жарамсыз күйге түсті. 2013-2014 жылдары қазынаның қыруар қаражатына тұрғызылған емдеу мекемелерінің қабырғасы қақырап құлаудың шақ алдында тұр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Нұра ауылындағы аурухана 2014 жылы пайдалануға берілген. Бірақ небәрі жеті жылдан кейін медициналық мекеме жарамсыз күйге түсті. Ғимараттың сырты бүтін болғанымен, мұнда ақ халаттылар науқастарды қабылдамайды. Өйткені аурухана апатты деп танылған.

Қазір мұнда жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар осыған дейін қақыраған қабырғаны бұзып, қайта қалпына келтірмек. Емдеу мекемесі "350 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік пункт" атты мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттің 154 млн теңгесіне салынған.

Сиқы кеткен медициналық мекемені былтыр сенімгерлік басқаруға алған А-Сlass Мedical компаниясы құрылыс жұмыстарына шұғыл кірісіп кеткенін жеткізді. Өйткені сапасыз соғылған нысан кез келген уақытта опырылып ортасына түсуі мүмкін екен. 

"Іргетасының астында түк жоқ. Еден отырып кеткен. Кәріздің барлығы мынаның астына кетіп жатыр. Қабырғасы ашылып кеткен. Сапа жоқ. Бұл жер түгел сейсмологияға сай емес. Дұрыс салынбаған. Біз мынаны жасамасақ, кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін", - деді А-Сlass Мedical компаниясының бас инженері Мэлс Белғожанов.

Ғимарат құлағалы тұрған соң аурухананың қызметкерлері бұрынғы амбулаторияға уақытша көшірілген. Нұра ауылының тұрғындары жарты ғасыр бұрын салынған ескі әрі тар нысанда медициналық көмек алуға мәжбүр.

"Бізге дұрысы болған жақсы ғой. Мына ескіде жылу жоқ. Жағдай жоқ. Жататын орын да жоқ. Жаңа ауруханада барлығы болды. Жақсы болған. Алты балам бар. Келсек, "анда бар, мында бар" дейді. Сонымен мына жаққа келуге мәжбүрміз", - деді Нұра ауылының тұрғыны Перизат Саттарбай.

Талғар ауданында мемлекеттің 101 млн теңгесіне салынған тағы бір амбулатория апатты жағдайда тұр. Бой көтергеніне 10 жыл да толмаған Белбұлақ ауылындағы медициналық мекеменің де қабырғасы ашылып, ақ халаттылардың үрейін ұшырыпты.

Ғимараттың сырты да сөгіле бастаған. Аталған аурухананың ұжымы да амалдың жоқтығынан басқа жерге көшуге дайындалып жатыр.

"Біз барлық нысанды қабылдап алғанда олардың жағдайы күрделі болды. Көбісі әбден ескірген. Арасында жаңалары да бар. Қазір барлық ғимараттарға күрделі жөндеу, қайта жаңарту және сейсможағдайын нығайту жұмыстары жүргізіп жатыр. Ал ауыл тұрғындары әзірге басқа ғимаратта уақытша емделуге мәжбүр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Барлығы инвестордың қаражатына жасалады", - деді Талғар орталық аудандық ауруханасының баспасөз хатшысы Гүлжан Қойшыбаева.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937908-almaty-oblysynda-qyruar-qarazatqa-salyngan-eki-ambulatoriya-qiragaly-tur/