Аурухана дәлізінде қызуы көтерілген баламен 4 сағат кезекте тұрған ата-ана жанайқайын жеткізді
Жарияланған күні:
Саясаттанушы Асхат Қасенғали жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткен әйелі мен қызының дәлізде 4 сағат кезекте тұрғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Ол қызумен барған баланы зарықтырған аурухана жұмысын сынға алып, ұзын-сонар кезектің видеосын жариялады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Қызымның ыстығы көтеріліп, жөтеліп жатыр. Содан жедел жәрдем үйге қалдыруға болмайды деп алып кетті. Апорт жақтағы балалар жұқпалы ауруханасы. Енді мына кезекті көрдіңіздер. Кешкі 5-6-да келгендер енді кіріп жатыр. Қызымды әйелім жедел жәрдеммен әкеткеніне тура 3 сағат, бірақ әлі кірмеген. Бала ауырып тұр, кезекте дәл сол сияқты қанша бала бар. Сонда бұлар қалай жұмыс істейді?! 5-6 сағат баланы кезекте зарықтыратындарың бар, не үшін баланы алып кетесіңдер?! Кезекте тұрып басқа да вирус, инфекцияны жұқтыруы мүмкін ғой. Ересек адам емес, бала!", - деп ашынды ол.
Асхат Қасенғали ауруханалардағы кезек үшін денсаулық сақтау министрлігіне шүйлікті.
Аталған жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасына сауал жолдады. Балалар қалалық жұқпалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева мекеме дәлізіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол ауруханаға түсетін ауыртпалықтың күн санап өсіп отырғанын айтады.
"Асхат Қасенғали мырзаның уәжі орынды, алайда соңғы уақытта балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен ауыртпалық күн санап өсуде. Аурухана тәулік бойы науқастарды қабылдап отыр, ауырлық жағдайына қарай триаж жүйесі бойынша жіктеліп, көмек көрсетілуде. Бұл жағдайдың шешімі тек балалар жұқпалы ауруханасымен шектелмейтінін түсіндіре кетуді жөн көреміз. Себебі, ауруханаға келген науқастардың тек 25-30% ғана инфекционист кеңесі мен стационарлық көмекті қажет етеді, қалған науқастар амбулаторлы, үй жағдайында емделуі керек.
Алайда, көп ата-аналар жергілікті емханаға жүгінуден бас тартып жатады немесе таңертең, күндіз емханаға бармай, учаскелік дәрігерді шақыртпай, жедел жәрдем шақыртып, тікелей балалар жұқпалы аурулар ауруханасына алып келіп жатады. Бірнеше аптадан бері Қалалық балалар жұқпалы ауруханансына түсіп жатқан ауыртпалық жайында емханалар мен жедел жәрдемге жергілікті жерде жұмысты күшейту маңыздылығы жайында ақпарат берілуде.
Өз тарапымыздан, бар дәрігерлерімізді қабылдау бөліміне ауыстырдық, орта буынды медицина қызметкерлер санын да көбейттік. Алайда, мерзімдік тыныс ауруларының жұқпалы ауруларының өсуі кезінде әр ата-ана алдын-алу шараларын ұстанғаны жөн екенін ескертеміз", - дейді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938077-auruxana-dalizinde-qyzuy-koterilgen-balamen-4-sagat-kezekte-turgan-ata-ana-zanaiqaiyn-zetkizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.