RU

Тоқаев заңсыз шерулер жайлы: Аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Аналар қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Шын мәнінде ана дегеніміз - отбасының ұйытқысы, ананың орны ерекше. Оны бәріміз де білеміз. Сондықтан біз қоғамда анаға деген құрметті өте жоғары қоюымыз керек. Сонымен қатар, аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі керек. Кейбір көпбалалы аналарымыз заңсыз шерулерге шығып, айқай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзып отыр", - дейді президент.

Мемлекет басшысы масылдықты - өзекті қоғамдық, тіпті саяси проблема деп атауға болатындығын баса айтты.

"Біз "Бейбіт жиналыстар туралы" өте жақсы заң қабылдадық. Кім не айтса да, бұл - демократияны дамыту жолындағы маңызды қадам. Бейбіт жиналыстар мен демонстрацияларға ешкім де кедергі келтірмейді. Онда бәрі жазылған. Ресми рұқсат алу қажет.

Бұл жиналыстар, демонстрациялар хабарландыру режимінде де өте алады. Бірақ, осынау болмашы талапты кейбір азаматтар бұзуға болады деп есептейді. Осы тектес әрекеттерге құқықтық баға беріледі. Бас прокуртураның міндеті - азаматтарымызға осы заңды түсіндіруді жалғастыру, ал барлық құқық қорғау органдарының міндеті қоғамдық тәртіпті, заңнамамызға сәйкес қолдау", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938214-toqaev-zansyz-demonstraciya-zaily-analar-da-qogam-aldynda-oz-zauapkersiligin-teren-sezinui-kerek/