Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5 жасар жиенім айтып қойды": Атыраулық арудың нигериялық жігітпен сөз байласқанын ата-анасы қалай қабылдаған

Жарияланған күні:

Зайда Жаңабаева
Видеодан кадр: Youtube/Айтарым бар

Нигериялық азаматқа тұрмысқа шыққан Зайда Жаңабаева болашақ жары өзге нәсілден болатынын өз ата-анасы қалай қабылдағанын баяндап берді. Ерлі-зайыптылар "Айтарым бар" бағдарламасында қонақта болып, алдағы жоспарын айтты.

Атыраулық бойжеткен қара нәсілді азаматпен бас қосуға ниетті екенін ата-анасы қалай қабылдағанын әңгімелеп берді.

"Мен оны арнайы айтамын деп ойлаған жоқпын. Оны анама менің бес жасар жиенім айтып қойды. Өзі мені "қара тәте" деп атайтын. "Қара тәтенің жігіті қап-қара", - деген екен анама.

Мен ол кезде Атырауда жүргенмін, ол кісілер Құлсарыда тұрады. Анам маған қоңырау шалды, менен кіммен кездесіп жүргенімді сұрады. Біз отбасымызда еркін өскенбіз. Ешкім ешкімнің жеке өміріне араласып, сен бүйтпе, сен сөйтпе демеген. Анам жігітімнің кім екенін, қандай адам екенін сұрады. Белгісіз нәрсе әрқашанда қорқынышты болады.

Оның үстіне бізде ақпарат құралдары арқылы Африкада адам жейді екен деген нәрсені естіп алғандықтан қорқыныш болатыны түсінікті. Ол баяғыда болып кеткен, қазір ХХІ ғасыр. Әкеме ол жаңалықты бізден естігеннен кейін анамның өзі жеткізді.

Әкем намысшыл, патриот кісі. Қалай қабылдайды екен деген уайым болды. Мен қалай сөйлескендерін көрген жоқпын. Бірақ маған еш қарсылық көрсеткен жоқ. "Сен бақытты болсаң, мен де бақыттымын", - деді әкем. Бірақ арғы жағында қайда барады, қайда кетеді деген уайым бар", - дейді Зайда Жаңабаева.

Ол күйеуі Джесси Онуорамен бірге Нигерияға көшіп кету жоспарда жоқ екенін де айтты. Зайданың сөзінше, күйеуінің туған анасы құдалыққа қатыса алмай қалған.

"Бұл кісінің туыстарына той біздің мойнымызда. Өйткені оның анасы да тұңғышы үйленіп жатқанда қасында бола алмай, жылап қалды. Карантин шектеуіне байланысты келе алмай қалды", - дейді Зайда.

Осы тұста Джесси Онуораның ата-анасы қазақ қызына үйленетінін естігенде қандай реакция танытқаны белгілі болды.

"Джессидің анасы: "Бұл да біреудің қызы, біреудің қарындасы, жүрегін ауыртып алма", - деген. Ол кісі бір қалада, бір елде тұрып бір-бірімен үйленіп, үй бола алмай кетіп жатқандар туралы айта келе, өзге елден қыз алып, жақсы өмір сүріп кеткендердің көп екенін алға тартқан", - дейді Зайда.

Атыраулық бойжеткен енесінің бақытты отбасын құру ұлтқа байланысты емес деген ұстанымын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938280-5-zasar-zienim-aityp-qoidy-atyraulyq-arudyn-nigeriyalyq-zigitpen-soz-bailasqanyn-ata-anasy-qalai-qabyldagan/